Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Қарашық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ауданның 2025 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндады. Кездесу Қарашық орта мектебінің мәжіліс залында өтті.
Жиын барысында аудан әкімі өңірдегі негізгі салалар — ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, білім мен денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті дамыту бағыттарында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстарды тыңдап, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Кездесуде Қарашық ауылдық округінің әкімі Сәкен Оразбаев тоғыз айда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Округ аумағында жүзеге асқан абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу, ауыл шаруашылығы мен халықты жұмыспен қамту бағытындағы істер жөнінде баяндады.
Шараға аудандық дербес бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау және коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесу соңында аудан әкімі көтерілген мәселелердің әрқайсысы бақылауға алынатынын атап өтіп, тұрғындармен ашық диалог әрі тығыз қарым-қатынасты жалғастыру маңызды екенін жеткізді.
©️Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі







