Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесінің өткен жолғы отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде көші-қон саясатын жетілдіру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Онда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндама жасады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов елдегі көші-қонды бақылауды жүйелеу жөніндегі шаралар туралы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев көші-қон саласындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау туралы баяндады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, 2023 жылдан бастап Қазақстанда көші-қонның оң сальдосы тіркеліп отыр. Бұл еліміздің тұруға және жұмыс істеуге деген тартымдылығы қалпына келгенін көрсетеді. Халық көп келген өңірлер Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Алматы және Ақмола облыстары, сондай-ақ Алматы, Астана қалалары болды.
Премьер-министр жаһандық геосаяси өзгерістер мен миграциялық ағындардың күшеюі жағдайында халықтың көші-қон мәселесі аса маңызды басымдыққа айналып отырғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, нақты реттелетін көші-қон саясатын қалыптастыру керек. Ол үшін нормативтік құқықтық базаға аудит жүргізіп, мемлекеттік органдардың көші-қон саласындағы функционалдық мүмкіндіктеріне талдау жасау қажет. Заңсыз көші-қон, өңіраралық диспропорция және көші-қон ағындарын бірыңғай есепке алудың болмауы сияқты барлық өзекті мәселелер бойынша жүйелі әрі кешенді шешімдер қабылдануға тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.