🔹 Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Жалпыұлттық құндылықтар – ел дамуы» жобасы аясында «Ұлттық құндылықтар апталығы» атты аудандық байқау өтті. Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеу, шығармашылық қабілеттерін дамыту және отансүйгіштік рухты қалыптастыру.
🔹 Байқаудың ашылу салтанатына Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердалы Баймұратов, Түркістан облысының бас биі Таубай Балтабайұлы және ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Қалеке қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Аталған жоба Бәйдібек ауданынан бастау алып, облыс бойынша 17 аудан мен қаланы қамтыды.
🔹 Байқауға түрлі сала өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысып, ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптейтін өнерлерін көрсетті.
🔹 Шара барысында қазақтың ұмыт болған салт-дәстүрлері насихатталып, ұлттық ойындар мен дәстүрлі тағамдар таныстырылды. Қатысушылар халықтың рухани мұрасын шығармашылық арқылы жеткізіп, ұлттық өнерді кеңінен танытты.
🔹 Байқауға әділқазылар алқасы әділ бағасын берді. Құрамында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының бас маманы Жеңіс Опышев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов, этнограф, қолөнер шебері Жанболат Сүйімбай, «Аламан құрақ құрақшылар одағының» өңірлік жетекшісі Ақмарал Ахметова және аудандық мәдениет үйінің қызметкері Асыл Джусипбеков болды.
🔹 Іс-шара аясында әжелер алқасының қатысуымен «Ашамайға мінгізу» және «Танабау тағу» дәстүрлері сахналанып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Кеш аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
🔹 Байқау қорытындысы бойынша үздік қатысушылар марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай тағылымды шаралардың ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызы зор екенін атап өтті.
🔹 Ауданымыздағы қоғамдық ұйымдар – әжелер алқасы, аналар кеңесі, ақсақалдар алқасы, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер кеңесінің бірлескен қатысуымен өткен бұл іс-шара – ынтымақ пен бірлікті дәріптейтін тағылымды басқосу болды. Ұйымдастыруға және белсенді қатысқаны үшін барша азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз.
©️ Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі
