Төлеби ауданында мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, сондай-ақ заң талаптарының бұлжытпай орындалуын қатаң бақылауға алу бағытындағы маңызды жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет тарапынан қоғамда әділдікті орнатуға, «Адал азамат» пен «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын өңірде тиянақты жүзеге асыру мақсатында Төлеби ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы ұйымдастырылды. Маңызды жиын аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бағдатбек Жанғазиевтің төрағалығымен өтіп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Комиссия отырысында ең алдымен құрылыс және тұрғын үй саласында жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы сыртқы мониторингтің қорытындылары қаралып, саладағы түйткілді тұстар мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы сараланды. Аталған маңызды мәселе бойынша Төлеби ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Құттымұрат Тұрғынбаев арнайы баяндама жасап, атқарылған іс-шаралар туралы нақты мәліметтер берді. Бұдан бөлек, жиында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нақты барысы қаралып, талқылаулар жасалды. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдос Бекеев жан-жақты ақпарат ұсынды. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі үшінші маңызды мәселе құқық қорғау саласына, атап айтқанда полиция қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін дер кезінде анықтау және олардың алдын алу шараларына арналды. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Төлеби аудандық полиция бөлімінің басшысы Нұрдәулет Әжібеков баяндама жасап, атқарылған шараларды тізбектеді. Алқалы жиынның қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту, оның алдын алу жұмыстарын әрқашан жүйелі түрде жүргізу және жауапты мекемелер тарапынан қолданыстағы заң талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету бойынша тиісті сала басшыларына нақты міндеттер мен тапсырмалар жүктелді.
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ТӘУЕКЕЛДЕРДІ АЗАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА КОМИССИЯНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ