Соңғы жылдары климаттың өзгеруі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы мен су тапшылығы Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі ауыл шаруашылығына елеулі әсер етіп отыр. Әсіресе Түркістан облысы үшін су мәселесі тек аграрлық саланың ғана емес, жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін стратегиялық факторға айналды. Осындай жағдайда ғылым мен технологияның мүмкіндігін тиімді пайдалану – уақыт талабы.
Осы бағытта Түркістан облысында қолға алынған жасанды жаңбыр технологиясының пилоттық жобасы еліміз үшін тың бастама ретінде бағаланып отыр. Орталық Азия елдері арасында алғаш рет Қазақстанда, нақтырақ айтқанда Түркістан облысында жүзеге асырылған бұл жоба су ресурстарын басқаруда жаңа тәсілдерді сынақтан өткізуге мүмкіндік берді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңесте пилоттық жобаның орындалу барысы мен алғашқы нәтижелері талқыланды. Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне тұрақты назар аударып келе жатқанын атап өтіп, климаттық өзгерістер жағдайында инновациялық технологияларды енгізу стратегиялық міндеттердің бірі екенін айтты.
Жобаға Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инженерлер, ғалымдар және тәжірибелі ұшқыштар тартылды. Олар қазақстандық мамандармен бірлесіп жұмыс істеп, ауа райы процестерін басқаруға қатысты тәжірибелерімен бөлісті. Мұндай халықаралық ынтымақтастық еліміздің мамандарына жаңа технологияларды меңгеруге жол ашып, болашақта осы бағыттағы ұлттық кадрлық әлеуетті қалыптастыруға негіз қалайды.
Пилоттық кезеңде жауын-шашынды жасанды шақыру бойынша 14 авиациялық операция орындалды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен жауапты ұйымдардың қызметкерлері ауа райы процестерін модификациялау және арнайы авиациялық операцияларды жүргізу әдістері бойынша оқытудан өтті.
Жобаны іске асыру үшін су тапшылығы жиі байқалатын Созақ, Отырар, Бәйдібек және Төлеби аудандары таңдалды. Бұл – табиғи-климаттық ерекшеліктері мен ауыл шаруашылығының қажеттіліктері ескерілген шешім. Аталған өңірлерде жүргізілген жұмыстар алдағы уақытта технологияның тиімділігін ғылыми тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді.
Кеңес барысында Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Алия Оспанова Түркістан облысының инновациялық бастамаларды жүзеге асырудағы белсенділігін жоғары бағалап, өңірдің Қазақстандағы жасанды жаңбыр технологиясын тәжірибеде қолданған алғашқы аймақ ретінде маңызды тарихи қадам жасағанын атап өтті.
Жиын соңында облыс әкімі пилоттық жобаның табысты жүзеге асуына үлес қосқан Біріккен Араб Әмірліктерінің инженерлері, ғалымдары мен ұшқыштарын Алғыс хаттармен марапаттады.
Әлемнің бірқатар елдерінде қолданылып жүрген жасанды жаңбыр технологиясы табиғи жауын-шашынды толық алмастырмайды. Дегенмен ол қолайлы атмосфералық жағдай қалыптасқан кезде бұлттарға әсер ету арқылы жауын-шашын көлемін арттыруға бағытталған ғылыми әдістердің бірі саналады. Сондықтан мұндай жобалардың нақты нәтижесі ұзақ мерзімді ғылыми бақылаулар мен жүйелі мониторинг арқылы бағалануы қажет.
Түркістан облысында басталған пилоттық жоба осы бағыттағы ғылыми ізденістер мен тәжірибелік жұмыстардың негізін қалап отыр. Егер оның тиімділігі жан-жақты дәлелденсе, бұл тәжірибе еліміздің су тапшылығы байқалатын өзге өңірлерінде де қолданылуы мүмкін. Су – XXI ғасырдағы ең маңызды стратегиялық ресурс. Оны сақтауға және тиімді пайдалануға бағытталған әрбір жаңа технология елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына қызмет ететіні сөзсіз.
