МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖАРЛЫҒЫ АЯСЫНДА ХАЛЫҚПЕН АШЫҚ ДИАЛОГ ЖАЛҒАСУДА

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Мақтаарал ауданында тұрғындармен ашық кездесулер жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Осы бағытта аудан әкімі Бақыт Асанов Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізіп, ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан реформалар мен ауданда атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамды одан әрі демократияландыру, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын тұрғындарға түсіндіру, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, олардың халық алдындағы жауапкершілігі мен есептілігін арттыру. Сонымен бірге мұндай кездесулер тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тікелей тыңдап, елді мекендердегі өзекті мәселелерді жергілікті билік өкілдерімен бірге талқылауға мүмкіндік береді.

Жиын барысында 2026 жылдың алғашқы алты айында Мақтаарал ауданында атқарылған жұмыстар жөнінде арнайы бейнеролик көрсетілді. Аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан маңызды өзгерістер мен саяси реформаларға кеңінен тоқталып, мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шешімдердің жергілікті басқару жүйесіне жүктейтін міндеттері туралы айтты.

Аудан әкімі елдегі саяси өзгерістердің жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін де арттыратынын атап өтті. Оның айтуынша, негізгі міндет – мемлекет жүргізіп отырған саясатты аудан тұрғындарының игілігіне тиімді бағыттау, заңдылықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жақсарту.

Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын жергілікті деңгейде жүзеге асыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау, заң талаптарының сақталуына жағдай жасау мемлекеттік және жергілікті басқару органдары қызметінің маңызды бағыттарының бірі екені айтылды.

Кездесуде Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің тұрғындарын толғандырып отырған әлеуметтік мәселелер де кеңінен талқыланды. Аудан басшысы округтегі өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешу бағытында атқарылып жатқан және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстар жөнінде тұрғындарға түсінік берді.

Жиынның маңызды бөлігі тұрғындармен тікелей диалогқа арналды. Халыққа ашық микрофон ұсынылып, азаматтар аудан әкіміне өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Бақыт Асанов әрбір көтерілген мәселеге кезекпен жауап беріп, олардың шешілу жолдарына тоқталды.

Мәселесін көпшілік алдында емес, жеке жеткізгісі келген тұрғындар үшін аудан әкімінің жеке қабылдауы ұйымдастырылды. Қабылдауға құқық қорғау органдарының басшылары, тиісті сала басшылары және аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Бұл тұрғындар көтерген мәселелерді жауапты мекемелердің қатысуымен жан-жақты қарастыруға мүмкіндік берді.

Кездесу барысында көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, тұрғындарға тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жауапты сала өкілдері өз құзыреттеріне қатысты сауалдарға жауап беріп, мәселелерді шешудің қолданыстағы тетіктері туралы ақпарат ұсынды.

Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен есептілігін арттырудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады. Мұндай кездесулер арқылы тұрғындар жергілікті атқарушы органдардың атқарған жұмыстары туралы тікелей ақпарат алып қана қоймай, өз елді мекенінің дамуына қатысты ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алады.

Сонымен қатар елде жүргізіліп жатқан реформалар мен Мемлекет басшысының бастамаларын халыққа түсіндіру жұмыстары мемлекеттік саясат пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Республикалық деңгейде белгіленген міндеттердің жергілікті жерлерде нақты жүзеге асырылуы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін әлеуметтік, инфрақұрылымдық және қоғамдық мәселелердің шешілуімен сабақтас.

Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінде өткен кездесу де осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы болды. Тұрғындармен ашық пікір алмасу, олардың ұсыныстарын тыңдау, көтерілген мәселелерді жауапты органдармен бірге қарастыру және атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беру арқылы жергілікті билік пен халық арасындағы кері байланыс нығая түсуде.

Мақтаарал ауданында Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес тұрғындармен ашық кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер халықпен бірге талқыланатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *