Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазанда Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады. Президент елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бірқатар маңызды міндетті айқындады. Соның ішінде өнеркәсіпті технологиялық жаңғырту, өңдеу саласын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және көлік-логистика әлеуетін күшейтуге ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асты. Бұл – ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Президент ендігі міндет өндіріс көлемін арттырумен ғана шектелмей, өнімді терең өңдеуге, еңбек өнімділігін көтеруге және технологиялық тұрғыдан жаңарған кәсіпорындарды дамытуға басымдық беру екенін көрсетті. Бұл бағыт өнеркәсіптік әлеуеті қалыптасқан Кентау қаласы үшін де айрықша маңызды.
Кентау – өндірістік тарихы терең, өнеркәсіп саласын одан әрі дамытуға мүмкіндігі мол шаһар. Сондықтан жаңа өнеркәсіптік саясат аясында өндірісті әртараптандыру, заманауи технологияларды енгізу, жергілікті өнім үлесін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бере алады.
Жолдауда өңірлердің бір ғана салаға немесе кәсіпорынға тәуелді болып қалмауы қажеттігіне де назар аударылды. Әр аймақта негізгі өндірістермен қатар білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету, сабақтас өндірістер мен технологиялық кәсіпкерлікті қатар дамыту міндеті қойылды.
Мемлекет басшысы инфрақұрылымды жаңғыртуды еліміздің алдағы кезеңдегі басты міндеттерінің бірі ретінде белгіледі. Осы мақсатта Үкімет Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Оны жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр.
Бұл қаражат әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салуға және жаңғыртуға бағытталмақ. Сонымен бірге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлініп, елді мекендерді газ және таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.
Бұл міндеттер Кентау қаласының дамуы үшін де өзекті. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, инженерлік желілерді жаңарту, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның сапасын көтеру – халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей әсер ететін маңызды мәселелер.
Президент көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға да ерекше мән берді. Қазақстан халықаралық жүк ағындарын өткізетін транзиттік аумақ болумен шектелмей, оларды ұйымдастыратын маңызды логистикалық орталыққа айналуы қажет. Осыған байланысты заманауи автомобиль және темір жол желілерін дамыту, көлік тораптарының айналасында жаңа өндіріс орындары мен сауда алаңдарын қалыптастыру міндеті қойылды.
Жаңа Жолдауда белгіленген міндеттердің түпкі мақсаты – қуатты өнеркәсібі, заманауи инфрақұрылымы және бәсекеге қабілетті экономикасы бар мемлекет қалыптастыру. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар өңірлердің, соның ішінде Кентау қаласының да жаңа мүмкіндіктерін ашуға жол береді.
Өнеркәсіпті дамыту, өндірісті технологиялық жаңғырту, көлік-логистика жүйесін жетілдіру, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – Кентаудың тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға қызмет ететін негізгі бағыттар.
Президент Жолдауында айқындалған міндеттерді жүйелі жүзеге асыру еліміздің индустриялық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, әрбір өңірдің экономикалық дербестігін арттыруға және жаңа өндірістердің қалыптасуына негіз болмақ.