МЕМЛЕКЕТТІК ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТ: МАҚТААРАЛДА 47 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 6 ӨНДІРІСТІК ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Мақтаарал ауданында инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және шекара маңындағы аумақтардың экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек ауданға жұмыс сапары барысында Қазақстан-Өзбекстан шекарасы маңында құрылған экономикалық аймақтың инфрақұрылымдық жұмыстарымен және жүзеге асырылатын инвестициялық жобалармен танысты.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімінің орынбасары ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын саралап, жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын экономикалық аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.

Экономикалық аймақтың негізгі мақсаты – өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, жаңа өндіріс орындарын қалыптастыру, кәсіпкерлерге қажетті жағдай жасау және Қазақстан-Өзбекстан шекарасына жақын орналасқан аумақтың экономикалық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану.

Аудан әкімі Бақыт Асанов облыс әкімінің орынбасарына экономикалық аймақта жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жұмыстар, жоспарланған өндірістік жобалар және алдағы міндеттер жөнінде баяндады.

Қазіргі таңда экономикалық аймақтың толыққанды жұмыс істеуіне қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қалыптастыруға басымдық берілген. Атап айтқанда, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін тарту, газбен қамтамасыз ету, электр және байланыс желілерін жүргізу жұмыстары қолға алынған.

Сонымен қатар экономикалық аймақтың ішкі жолдарын салу, аумақты абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары жоспарланып отыр. Қажетті инфрақұрылымның қалыптасуы өндірістік кәсіпорындарды орналастыру мен инвестициялық жобаларды кезең-кезеңімен іске қосуға жағдай жасайды.

Экономикалық аймақта жалпы құны 47 млрд теңгені құрайтын 6 ірі өндірістік жобаны жүзеге асыру көзделген. Жобалар толық қуатына шыққан жағдайда 845 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Өндірістік жобаларды 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланған. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тоқыма өнеркәсібі, металл өнімдерін өндіру, құрылыс материалдары, жаңартылатын энергетикаға арналған жабдықтар және аквамәдениетке қажетті жем өндірісі бағытындағы жобалар бар.

Атап айтқанда, «Мақтаарал Xing Feng» компаниясы мақта және мақта майын өңдеу зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба Мақтаарал ауданында өндірілетін негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің бірі – мақтаны терең өңдеуге мүмкіндік береді.

«TST JETISAY TEXTILE» ЖШС мақта талшығын өңдеу және мақта иірімжібін өндіру зауытын салуды жоспарлауда. Бұл жоба мақта шикізатын өңдеу тізбегін кеңейтіп, дайын өнім шығаруға бағытталған жаңа өндірістік қуат қалыптастыруды көздейді.

Ал «Дуншэн Цзиньсин Констракшин Инжиниринг» ЖШС металл бұйымдарын, жаңартылатын энергетика саласына арналған жабдықтарды, құрылыс материалдары мен жиһаз өнімдерін өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Осы арқылы экономикалық аймақта өндірістің бірнеше бағытын қатар дамыту көзделген.

«БНК ГРУП» ЖШС өндіріске қажетті броунфилд жобасын жүзеге асыруды жоспарлаған. Ал «ҚАЗ ПРО ТЕМИР» ЖШС полимерлі жабыны бар жұқа табақты мырышталған болат өндірісін іске қоспақ.

Бұдан бөлек, «Kaz Aqua Jem» ЖШС жәндіктер протеиніне негізделген аквамәдениетке арналған экструдирленген жем өндіру зауытын салуды жоспарлап отыр. Аталған жоба заманауи технологияларды қолдану арқылы жем өндірісінің жаңа бағытын қалыптастыруға арналған.

Экономикалық аймақтың Қазақстан-Өзбекстан шекарасына жақын орналасуы өндірістік және логистикалық мүмкіндіктерді пайдалануға жағдай жасайды. Бұл өндірістік кооперацияны дамытуға, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және шығарылатын өнімдерді өткізу бағыттарын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек экономикалық аймақта жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуына назар аударды.

Сондай-ақ инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, қажетті инфрақұрылымды тарту жұмыстарын үйлестіру және жоспарланған өндірістерді белгіленген кезеңдерге сәйкес іске қосу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.

Жалпы құны 47 млрд теңгені құрайтын алты өндірістік жобаның жүзеге асырылуы Мақтаарал ауданында жаңа өндірістік қуаттарды қалыптастыруға және 845 жаңа жұмыс орнын ашуға бағытталған.

Экономикалық аймақта атқарылып жатқан жұмыстар облыстық және аудандық атқарушы органдардың назарында. Инфрақұрылымды қалыптастыру, инвесторлармен жұмысты үйлестіру және өндірістік жобаларды кезең-кезеңімен іске қосу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *