Отырарда археологиялық зерттеулер барысында Алтын Орда дәуіріне тиесілі мешіттің орны табылды. Түркістан облысындағы ортағасырлық Отырар қаласының шахристан бөлігіндегі қазба жұмыстары кезінде анықталған нысан XIII ғасырдың екінші жартысы мен XIV ғасырға жатады. Бұл бүгінге дейін Отырар аумағынан анықталған мешіттердің ішіндегі ең көнесі болып отыр.
Жаңа археологиялық жаңалық Отырардың Қазақстан тарихындағы ғана емес, Орталық Азиядағы ортағасырлық өркениетті зерттеудегі маңызын тағы бір мәрте айқындайды. Бұған дейін қала аумағынан XV, XVI және XVII ғасырларға жататын мешіт орындары белгілі болған. Ал биыл табылған нысан олардың барлығынан ертерек кезеңге тиесілі.
Зерттеу жұмыстары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан BR28713129 «Қазақстанға ислам дінінің енуін және таралуын археологиялық және жазба деректер негізінде зерттеу» ғылыми жобасы аясында жүргізілді. Жобаны Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті жүзеге асыруда. Қазба жұмыстарын тарих ғылымдарының докторы, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, жоба жетекшісі Мұхтар Қожа бастаған археологиялық экспедиция жүргізді.
2026 жылғы далалық зерттеу жұмыстары Отырардың шахристан бөлігінде 1 маусымда басталып, шілде айының соңына дейін жалғасты. Аумағы 100 шаршы метр болатын 10×10 метрлік қазба орнында археологтар репер нүктесінен есептегенде 3,5 метр тереңдікке дейін зерттеу жүргізіп, бес құрылыс кезеңіне жататын мәдени қабаттарды анықтады.
Қазба барысында Отырардың әр кезеңдегі қала мәдениетін сипаттайтын көптеген нысандар ашылды. Жоғарғы қабаттардан тұрғын үйлер мен шаруашылық бөлмелері, құмыра күйдіретін пеш орындары және қыш төселген көшелер табылды. Төртінші қабаттан дахма үлгісіндегі ұжымдық жерлеу орны анықталды. Ал ең төменгі, бесінші қабаттан Алтын Орда кезеңіне тиесілі мешіттің қабырғалары мен оған алып келетін тас төселген көше ашылды.
Ғалымдардың нысанның мешіт болғанын анықтауына бірнеше археологиялық белгі негіз болған. Ең алдымен, ғимарат қабырғаларының бағыты михраб орналасатын құбыла бағытымен сәйкес келеді. Бұл азимут өлшемдері арқылы да расталған. Сонымен бірге ғимараттың ішінен және айналасынан мұсылмандық жерлеу орындарының көптеп табылуы да маңызды дәлелдердің бірі болып отыр.
Археологтардың айтуынша, Алтын Орда дәуіріндегі қалаларда мешіттердің айналасына және кей жағдайда олардың ішкі бөлігіне адамдар жерленген. Отырардағы табылған жерлеу орындары да сол кезеңдегі діни ғимараттар мен жерлеу дәстүрлерінің ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді.
Мешіттің маңызын айқындайтын тағы бір ерекше нысан, ғимаратқа дейін жеткізілген тас көше. Көшеге арнайы үлкен тастар төселген. Ғалымдардың болжамынша, бұл тастар Түркістанның арғы жағындағы Қаратау өңірінен жеткізілген болуы мүмкін. Мұндай көлемдегі тастардың арнайы тасымалданып, көшеге төселуі нысанның сол кезеңдегі қала құрылымында маңызды орын алғанын көрсететін археологиялық белгілердің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Тас көшенің жалғасында қаланың биік бөлігіне көтерілетін жерде күйдірілген кірпіштен қаланған тепкішек-саты да анықталды. Бұл Отырардың археологиялық зерттеулерінде алғаш рет кездесіп отырған құрылыс түрі. Профессор Мұхтар Қожаның бағалауынша, тепкішек кейінгі кезеңге, XV–XVI ғасырларға тиесілі. Яғни Алтын Орда дәуірінде салынған тас көше бірнеше ғасыр бойы пайдаланылып, кейін қала құрылымының өзгеруіне байланысты оған кірпіштен баспалдақ жасалған болуы мүмкін.
Қазба барысында құнды археологиялық жәдігерлер де табылды. Олардың қатарында араб жазуы бар мөр-жүзік, терезеге орнатылатын сырлы панджара, күмбездің ұшына қойылатын қубба, сырлы сиясауыттың бөлігі, есік топсалары, сүйектен жасалған құралдар және әр кезеңге тиесілі теңгелер бар.
Араб жазуы бар мөр-жүзіктің табылуы Отырардың археологиялық зерттеу тарихындағы ерекше жаңалықтардың бірі саналады. Мөрдегі жазуды бірнеше маман арнайы зерттеп жатыр. Сонымен қатар қазба орнынан Алтын Орда дәуірінің күміс және мыс теңгелері, Әмір Темір заманына тиесілі теңгелер және ортасында тесігі бар қытай теңгелері табылған.
Әртүрлі кезеңдерге тиесілі теңгелер мен басқа да жәдігерлер Отырардың ұзақ уақыт бойы сауда және мәдени байланыстардың маңызды орталығы болғанын көрсететін археологиялық материалдар қатарын толықтырады. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қаланың әр кезеңдегі экономикалық және мәдени өмірін зерттеуде мұндай олжалардың ғылыми маңызы жоғары.
Отырардағы археологиялық зерттеулер тек көне құрылыстарды анықтаумен шектелмейді. Табылған әрбір зат пен құрылыс қабаты қаланың тарихын кезең-кезеңімен қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Осы арқылы оқушылар мен студенттерге Қазақстанның ортағасырлық тарихын нақты археологиялық деректер арқылы таныстыруға жағдай жасалады.
Тарихи мұраны зерттеу білім беру саласы үшін де маңызды. Археологиялық жаңалықтар жас ұрпақтың туған өлкенің тарихына қызығушылығын арттырып, ғылыми ізденіске ынталандырады. Отырардан табылған мешіт, көне көше, тұрғын үйлер, жерлеу орындары мен түрлі жәдігерлер тарих, археология, мәдениеттану және дінтану бағыттарында білім алып жүрген жастар үшін құнды зерттеу материалдары бола алады.
Отырардың археологиялық мұрасын сақтау мен зерттеу кітап оқу және білімге ұмтылу мәдениетімен де сабақтас. Тарихи ескерткіштер туралы ғылыми еңбектерді оқу, археологтардың зерттеу нәтижелерімен танысу және музей қорларындағы жәдігерлерді зерделеу жастардың тарихи санасын қалыптастыруға ықпал етеді. Ғылымға негізделген осындай жобалар өскелең ұрпақтың зерттеушілік қызығушылығын арттыруға жол ашады.
Зерттеу барысында табылған адам сүйектерінен антропологиялық және генетикалық зерттеулерге сынамалар алынды. Ғылыми зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін сүйектердің жақын маңдағы зиратқа қайта жерленуі жоспарланып отыр. Бұл археологиялық зерттеу кезінде ғылыми талаптармен қатар тарихи және мәдени дәстүрлердің де ескерілетінін көрсетеді.
Қазіргі таңда мешіт нысанының толық аумағы әлі ашылған жоқ. Зерттеушілер қазылған бөлікті мешіттің алдындағы аула болуы мүмкін деп болжайды. Ал михрабы орналасқан негізгі қабырға әлі жер астында жатыр. Сондықтан алдағы қазба жұмыстары нысанның құрылымын толық анықтауға және оның Отырардың ортағасырлық қалалық жүйесіндегі орнын нақтылауға мүмкіндік беруі ықтимал.
Жобаның тағы бір ерекшелігі, зерттеу жұмыстарына отандық мамандармен бірге шетелдік ғалымдардың да қатысуы. Ұлыбританияның Кембридж университеті Король колледжінің оқытушысы, археолог, PhD докторы Кэти Кэмпбелл зерттеу жұмыстарына атсалысуда. Сонымен бірге философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетаев бастаған ғылыми топ шетелдік және отандық архивтердегі деректерді жинақтап, талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Экспедиция барысында заманауи цифрлық технологиялар да кеңінен қолданылуда. Қазба аумағы тахеометр және дрон көмегімен түсіріліп, оның 3D-моделі мен ортофотопланы жасалады. Зерттеуде 2003 жылы ЮНЕСКО мамандары Отырарда белгілеген координаттық нүктелер негізге алынған. Бұл бұрынғы және қазіргі қазба материалдарын бірыңғай жүйеде біріктіріп, тарихи нысандардың орналасуын дәлірек салыстыруға мүмкіндік береді.
Жаңа археологиялық нысанның туристік әлеуеті де жоғары. Тас төселген көше мен көне тепкішек арқылы келушілер ортағасырлық Отырар қаласының құрылымын көзбен көріп, тарихи кеңістіктің ерекшелігін сезіне алады. Қазіргі уақытта ашылған нысанды сақтау мақсатында жабу және консервациялау жұмыстары жүргізілуде. Қосымша қаражат бөлінген жағдайда қазба жұмыстарын жалғастыру мүмкіндігі қарастырылмақ.
Ғалымдар алдағы зерттеу бағыттарын биылғы материалдарды толық талдап болғаннан кейін айқындайды. Табылған жәдігерлерге түрлі ғылыми сараптамалар жүргізіліп, алынған нәтижелер кейін ғылыми айналымға енгізіледі. Бұл жұмыстар Отырардың Алтын Орда кезеңіндегі тарихын жаңа археологиялық деректермен толықтыруға мүмкіндік береді.
Зерттеу нәтижелері 2026 жылғы 28–29 қыркүйекте Ұлыбританияның Кембридж қаласында өтетін халықаралық конференцияда таныстырылмақ. Бұл Отырарда жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстардың халықаралық ғылыми қауымдастық үшін де маңызын көрсетеді.
Отырардан Алтын Орда дәуіріне жататын мешіттің орнының табылуы Қазақстанның ортағасырлық тарихын зерттеудегі елеулі жаңалықтардың бірі болып отыр. Ең бастысы, бұл жаңалық тарихи мұраны сақтау, ғылыми зерттеуді дамыту және жас ұрпаққа өткен тарихты нақты деректер арқылы таныту бағытындағы жұмыстардың маңызын арттыра түседі. Отырардың әрбір археологиялық жаңалығы ел тарихының жаңа парақтарын ашып, білім мен ғылымға негізделген ұлттық танымның қалыптасуына қызмет етеді.