ОБЛЫС ӘКІМІ ӨНДІРІСТІК ҮДЕРІСПЕН ТАНЫСТЫ

Салтанатты рәсім барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпорынның жұмысымен танысып, өндірістік үдерісті көрді. Жауапты мамандар зауыттың қызметі, орнатылған технологиялық жабдықтар және өндірістік мүмкіндіктері жөнінде мәлімет берді.

Өндірістік нысанның іске қосылуы Кентау қаласының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетеді. Жаңа кәсіпорынның қызметі арқылы жергілікті өндірісті дамытуға, еңбек нарығына жаңа мүмкіндіктер ұсынуға және индустриялық аймақтағы кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға жағдай жасалады.

Облыс әкімі жұмыс сапары аясында Кентау қаласындағы индустриялық аймақты аралап, жауапты тұлғаларға өндіріс орындарын ашу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастыру, өндірістік нысандардың жұмысын жандандыру және өңірдің өнеркәсіптік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігіне назар аударылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, отандық өндірісті дамыту, инвестиция тарту және халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелері басым бағыттардың қатарында. Осы міндеттерді орындау мақсатында Түркістан облысында жаңа өндіріс орындарын ашуға және қолданыстағы кәсіпорындардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *