Түркістан облысының Кентау қаласындағы индустриялық аймақта жаңа өндіріс орны жұмысын бастады. Өнеркәсіптік металл құрылымдары мен металл бұйымдарын өндіруге маманданған кәсіпорынның ашылуы өңір экономикасын дамытуға, отандық өндіріс көлемін арттыруға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Жаңа зауыттың іске қосылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, кәсіпорын ұжымын айтулы оқиғамен құттықтады.
Өңір басшысы өз сөзінде Республика күні қарсаңында жаңа өндіріс орнының ашылуының маңыздылығына тоқталып, мұндай жобалар ел экономикасын нығайтуға, өндірістік әлеуетті арттыруға және инвестициялық белсенділікті күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.
«Республика күні – еліміздің егемендігін айшықтап, тәуелсіздігімізді нығайтатын маңызды мереке. Осы мерейлі мереке қарсаңында өнеркәсіптік металл құрылымдары мен металл бұйымдарын өндіретін жаңа кәсіпорынның ашылуына куә болып отырмыз. Бұл – Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өңір экономикасына тың серпін беретін маңызды жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аймақтарда отандық өндірісті өркендетуге, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға айрықша мән беріп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар өңірімізде жүйелі түрде жалғасады», – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.