КЕНТАУДА ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ЕКІ ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Кентау қаласының өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар жаңа жобалармен толығуда. Қаладағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында жоғары технологиялық өнім шығаратын екі кәсіпорынның ашылуы өңірдің өнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктерін кеңейте түсті. Атап айтқанда, «Kentau Cable Industries» компаниялар тобының бастамасымен оптикалық кабель және электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын өндіретін зауыттар пайдалануға берілді.

Жаңа өндіріс орындарының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Салтанатты шара барысында өңір басшысы өндіріс орындарының іске қосылуы экономиканы әртараптандыруға, өнеркәсіптік өнім көлемін ұлғайтуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Бүгін баршамыз үшін маңызды әрі тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Кентау қаласында жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған кабель өндіретін және электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын өндіретін заманауи зауыттардың іске қосылуы өңіріміздің өндірістік әлеуетін арттырып, экономикалық дамуына серпін береді. Мемлекет басшысы өндірісті дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге, шикізатқа емес, терең өңдеу саласына басымдық беруге және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға тапсырма берді. Бүгін іске қосылып отырған кәсіпорындар осы міндеттердің нақты жүзеге асуының айқын көрінісі, – деді Нұралхан Көшеров.

Жобалардың жалпы инвестициялық құны 3,2 млрд теңгені құрайды. Екі кәсіпорында 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті тұрғындар үшін жаңа еңбек мүмкіндіктері қалыптасып отыр. Өндіріс орындарының іске қосылуы отандық өнім үлесін арттырумен қатар, Кентау қаласының экономикалық белсенділігіне де оң ықпал етпек.

Алғашқы кәсіпорын – «Kentau Cable Industries» ЖШС. Мұнда жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабельдер мен микротүтік пакеттері өндіріледі. Жобаның құны 1,7 млрд теңге. Зауыттың жылдық өндірістік қуаттылығы 33 мың шақырым оптикалық кабель және 12 мың шақырым микротүтік пакеттерін шығаруға есептелген. Кәсіпорында 100-ге жуық адам еңбек етеді.

Өндіріс орны заманауи автоматтандырылған жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда кабель өнімдерін дайындаудың толық өндірістік циклі жолға қойылған. Өндірістік процестер бағдарламалық басқару жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Ал қолданылатын жабдықтардың компоненттік базасы Siemens, Bosch, ADVANTECH, Panasonic секілді әлемдік танымал өндірушілердің технологияларына негізделген.

Бұл кәсіпорынның ашылуы еліміздегі телекоммуникация саласын қажетті өнімдермен қамтамасыз ету тұрғысынан да маңызды. Әсіресе интернет желілерінің ауқымы кеңейіп, цифрлық инфрақұрылымға сұраныс артып отырған кезеңде отандық оптикалық кабель өндірісінің дамуы ішкі нарықтағы қажеттілікті өтеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, экспорт бағытындағы жұмыстарды жолға қоюға әлеуеті бар.

Екінші жоба – «ElectroCore» ЖШС. Кәсіпорын электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын шығаруға маманданған. Өндіріс орнына 1,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Жылына 12 мың дана өнім өндіруге қауқарлы зауытта да 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.

Аталған кәсіпорында өндірілетін металл шкафтар электр жабдықтарын орналастыру мен қорғауға арналған. Өндірістің заманауи талаптарға сай ұйымдастырылуы өнім сапасын қамтамасыз етіп, отандық нарықтағы сұранысты өтеуге бағытталған. Жаңа зауыттың іске қосылуы электр жабдықтары өндірісіндегі жергілікті өнім үлесін арттыруға да мүмкіндік береді.

«Kentau Cable Industries» ЖШС мен «ElectroCore» ЖШС директоры Асқар Баймырзаұлы кәсіпорындардың алдағы жұмыс жоспарларына тоқталды. Оның айтуынша, өндіріс орындарының негізгі мақсаты – ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету, өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту және сыртқы нарыққа шығу мүмкіндіктерін кеңейту. Сонымен қатар болашақта өнім ассортиментін көбейту, өндірістік қуаттылықты арттыру және қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.

Кәсіпорын басшысы өндіріс орындарының жүзеге асуына қолдау білдірген Мемлекет басшысына, Түркістан облысының әкімдігіне және жобаны іске асыруға атсалысқан барлық серіктестерге алғысын жеткізді.

Айта кетейік, Кентаудағы өндірістік даму тек осы екі кәсіпорынмен шектелмейді. Облыс әкімі жұмыс сапары аясында қалалық өндірістік паркке де барып, онда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысымен танысты. Өндірістік алаңда жаңа кәсіпорындарды орналастыру, қолданыстағы нысандарды қайта жаңғырту және өндірістік бағыттарды кеңейту жұмыстары қарастырылған.

Қазіргі уақытта қалада өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм және өзге де салалар бойынша бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделген. Соның ішінде бұрынғы өндірістік кәсіпорындардың пайдаланылмай тұрған ғимараттарын қалпына келтіріп, оларды жаңа өндіріс орындарына бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл тәсіл қолда бар өндірістік инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Өндірістік парктің дамуы қала экономикасына тың серпін беретін бағыттардың бірі саналады. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы жергілікті еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді кеңейтіп қана қоймай, өңірге инвестиция тартуға, шағын және орта бизнестің дамуына да қолайлы жағдай қалыптастырады. Әсіресе өңдеуші өнеркәсіп саласындағы жобалардың көбеюі қаланың экономикалық құрылымын нығайтуға ықпал етеді.

Сапар қорытындысында облыс әкімі жауапты басқармалар мен қала әкімдігіне инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын жүйелі жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар өндірістік алаңдардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, жаңа кәсіпорындарды іске қосу және инвесторлармен байланысты нығайту қажеттігін атап өтті.

Жалпы, Кентауда екі заманауи зауыттың қатар іске қосылуы қаланың өндірістік дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Жаңа кәсіпорындар отандық өнім көлемін арттыруға, заманауи технологияларды өндірісте кеңінен қолдануға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған. Бұл бастамалар алдағы уақытта қаланың өнеркәсіптік келбетін қалыптастырып, экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *