Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Берекелді Рамазан.
Құрметті Төлеби жұрты, қадірлі бауырлар!
Ең алдымен баршаңызды келе жатқан қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймыз! Рамазан айы мүбәрак болсын. Жаратқан Жаббар иеміз ниеттеріңізді, дұға-тілектеріңізді қабыл еткей!
Міне, қадірлі бауырлар биылғы 2025 жылдыңда Рамазан айы кіріп келеді. Биыл қасиетті Рамазан айы, наурыз айының 1 – жұлдызында басталады, яғни 28 – ақпан тарауих намазын бастаймыз. Пітір садақасы биыл ҚМДБ пәтуә бөлімінің хабарлауымен 655 теңге болып бекітілді Биыл Рамазан айы 29 күнге созылады, 30 наурыз Ораза айт мерекесін атап өтеміз.
Рамазан айы – күллі мұсылман әлемі үшін қасиетті де берекелі ай. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ай кіргенде адамдарды былай деп сүйіншілейтін болған: «Сендерге Рамазан айы келді, бұл берекеге толы ай. Алла осы айда оразасын парыз етті. Бұл айда жәннат есіктері айқара ашылып, тозақ есіктері жабылады».
Рамазан айы жылына бір рет келетін зор мүмкіндік айы. Адамзат баласына ақ пен қараны ажырату үшін қасиетті болған Құран түскен ай. Осындай нығметтерге толы болған бұл айды сауапты амалдар мен құлышылықта өткізу баршамызға парыз.
Ата-бабаларымыз да бұл ай кірісімен бір-бірлерін құттықтап, балалар үй-үйді сүйіншілеп: «Мұхаммед үмбетіне айтқан жарапазан, оразаң қабыл болсын ұстаған жан!» – деп, жарапазан айтатын. Ғибадат айында ерекше рухани атмосферада іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға болады. Дін мен дәстүр сабақтастығы десек, ата-бабамыздың ұстанған дінін кейінгі ұрпаққа да парыз еткен Жаратушы Жаббар иеміз осы айды пайдалы құлшылықта өткізуімізді парыз етті. Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с «Расында, Алла өтірік айтуын доғармаған біреудің ішіп-жеуін тоқтатқанына мұқтаж емес».Тағы бір сөзінде Алла елшісі с.ғ.с «Ораза күні сендердің ешқайсыларың жаман сөз айтып, даусын көтермесін. Ал егер біреу оны балағаттаса: «Мен оразамын, мен оразамын», – десін». Яғни ораза ұстаушы қандай жағдайда болмасын оразасын былапыт сөздермен, ұрыс-керіспен ластамай, сабырлылық танытып, ғибадатын мүлтіксіз түрде орындауы керек. Сонда ғана ғибадаты кәміл болып, Раббымыз қабыл алады. Өйткені ораза тек қана ішіп-жеуден тыйылу емес. Сондай-ақ, жаман әдеттерден, дөрекі сөздерден, теріс мінез-құлықтардан арылуы екендегін түсінеміз. Ал осы бір мүмкіндікті пайдалана алмау нағыз өкінішті жағдайға түсіреді. Хақ Тағала ерекше айдағы ғибадатты бұлжытпай орындаған құлдарының мәртебесін де ерекше биіктетіп, мерейін асыруға уәде еткен.
Бұл айда адамзат баласын тура жолға, білімділік пен бейбітшілікке үндеген Қасиетті Құранның алғашқы аяттары түскен. Бұл қасиетті айды күллі мұсылман жұртшылығы сағынып, ерекше қадірлеп, асыға күтіп алады. Алла Тағаланың әміріне бас иіп, ораза ұстап, мұқтаждарға жәрдемдесіп, тағат-құлшылықтар жасап, жан дүниесі рухани демалады.
Қасиетті Рамазан айын лайықты түрде өткізуіміз үшін Рамазан айының мынадай рухани қадір-қасиеті мен оның мән-маңызын білуіміз қажет.
1. Оразаны шынайы ықыласпен лайықты түрде тұту.
2. Тарауық және тәһәжүд намаздарын оқу.
3. Құранды қайталап оқу.
4. Садақа беру. 5. Қадір түнін құлшылықпен өткізу.
6. Сәреге тұрып, тамақтану.
7. Ауызашарды уақытынан кешіктірмеу. 8. Күнә-қателіктерге тәубе жасау.
9. Жетім-жесірге қарайласу.
10. Адамдардың арасын жарастыру.
11. Туыстық қатынасты үзбеу. 12. Пітір садақасын беру.
13. Ораза айтына лайықты дайындалу сынды сауапты амалдарды көптеп жасаумен өткізу.
Құрметті бауырлар
Қасиетті Рамазан айына аман-есендікте жетіп, осы бір мұсылман қауымы үшін мүмкіндіктер айы болған қасиетті айда баршамызды құлшылық пен сауапты амалдарда өткізуімізді нәсіп еткей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әмин!
Саурбаев Үсен Мырзаханұлы ҚМДБ, Түркістан облысы, Төлеби ауданының бас имамы
