Сауран ауданында жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлермен ашық форматтағы кездесу өтті. Жиын Аймақтық басқармалар үйінде ұйымдастырылып, оған аудан басшылығы, облыстық басқармалар мен департамент өкілдері, жергілікті құзырлы органдар және кәсіпкерлер қатысты. Кездесуді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ашып, саланың маңыздылығы мен қоршаған ортаға байланысты туындап отырған мәселелерге тоқталды.
Аудан әкімі соңғы жылдары жер қойнауын пайдалану мен қазба жұмыстарының қоршаған ортаға тигізуі мүмкін кері әсеріне байланысты тұрғындар арасында түрлі пікірлер туындап, әлеуметтік мазасыздық күшейгенін атап өтті. Осыған байланысты кәсіпкерлердің құқықтарын қорғап, тұрғындар пікірін ескеріп, заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу қажеттігін айтты. Әкім бұл бағытта аудан әкімдігінің жүйелі жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Кездесуде аудан аумағында келісімшарт пен лицензия талаптарының орындалуына қатысты жүргізіліп жатқан тексеру және зерделеу жұмыстары туралы мәлімет берілді. Бұл бағыттағы жағдайды толық баяндау үшін сөз аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Шакиров Сұлтанғалиға берілді.
Кездесу соңында сұрақ-жауап бөлімі ұйымдастырылып, кәсіпкерлер өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Оларға облыстық басқармалар, департаменттер және жергілікті құзырлы органдар тарапынан жан-жақты түсіндірме берілді. Бұл басқосу саладағы ашықтықты арттырып, кәсіпкерлер мен билік арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жол ашты.

