АУДАН ӘКІМІ ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ НЫСАНДАРЫН ТӘРТІПКЕ КЕЛТІРУ БОЙЫНША ЖАУАПТЫ МАМАНДАРМЕН ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Сауран ауданында инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның қауіпсіздігі мен заң талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жауапты сала мамандарымен арнайы жұмыс жиынын өткізді. Басқосуда газ, электр және ауыз су жүйелеріне қатысты өзекті мәселелер қаралып, нақты тапсырмалар берілді.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалына тіркелген 220 нысан бойынша жетіспейтін құқық белгілеуші құжаттарды толықтыру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ 2022–2024 жылдары құрылысы аяқталған 180 газ нысанын аталған мекеменің теңгеріміне өткізу жұмыстарының жеделдетілуі тапсырылды.

Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес ауылдық округтердегі электр желілері, электр бағаналары мен трансформаторларды «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің теңгеріміне өткізу мәселесі де кеңейтілген түрде қаралды. Қазіргі таңда бірқатар округтерде тиісті техникалық құжаттардың дайындалуы, желілердің жағдайын анықтау және балансқа қабылдау тәртібін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әкім бұл бағыттағы кідірістерді жоюды және жауапты мамандарға нақты мерзім қоюды міндеттеді.

Сонымен қатар ауыз су жүйесіне қатысты мәселелер де талқыланды. Аудандағы су ұңғымаларын заңдастыру, техникалық паспорттарын рәсімдеу, тиісті мекеменің теңгеріміне өткізу және оларды мемлекеттік талаптарға сәйкестендіру барысы егжей-тегжейлі қаралды. Жауапты бөлімдерге су нысандарын жүйелі түгендеп, заңдастыру жұмыстарын тездету тапсырылды.

Жиын қорытындысында аудан әкімі барлық инженерлік инфрақұрылым нысандарын заңдастыру, техникалық құжаттарын реттеу және тиісті мекемелердің балансына өткізу — тұрғындардың қауіпсіздігі, үздіксіз қызмет алу және коммуналдық жүйелердің сенімділігі үшін аса маңызды екенін атап өтті. Сонымен бірге сала мамандарына жұмыстарды қатаң бақылауда ұстап, әр нысан бойынша күнделікті мониторинг жүргізуді міндеттеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *