Менің әкем – құтқарушы»: Ордабасы ауданы құтқарушылары ел үшін атқарылған адал еңбекті дәріптейді

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойына орай ел аумағында басталған «30 игі іс» республикалық акциясы игі істерге ұйытқы болуда. Бұл акцияның басты мақсаты – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі құтқарушылар еңбегін кеңінен насихаттау, сала ардагерлері мен қызметкерлерін қолдау, сондай-ақ өскелең ұрпаққа отаншылдық пен мамандыққа деген құрмет сезімін қалыптастыру.

Осы мақсатта Ордабасы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі әсерлі әрі мазмұнды бастама – «Менің әкем – құтқарушы» атты бейне-челленджді қолға алды. Бұл шараға аудан бойынша құтқарушылардың балалары, отбасы мүшелері және қызметкер ата-аналар қатысты. Челлендждің негізгі идеясы – құтқарушылардың күнделікті тынымсыз еңбегі мен олардың қызметінің маңызын отбасы мүшелерінің көзқарасы арқылы көрсету.

Акция барысында балалар өз әкелерінің қызметтік міндеттерін, ерлікке толы оқиғаларды, күнделікті жұмыстағы жауапкершілікті және қауіп пен қатер арасында жүріп елге қызмет ету қаншалықты қиын екенін өз сөздерімен баяндап, жүрекжарды видеожолдауларымен бөлісті. Көптеген бейнероликтерде балалардың мақтаныш сезімі, әкелерінің ерлігін үлгі тұтатын шынайы эмоциялары көрініс тапты.

Челлендж қатысушылары түсірген бейнематериалдарда құтқарушылардың қызметтік техникасы, оқу-жаттығулар барысы, өртте, суда, жол-көлік оқиғаларында адамдарды құтқару сәттері бейнеленіп, тұрғындар арасында төтенше жағдайлар қызметінің беделін арттыруға ықпал етті. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде жарияланған бейнероликтер халықтың ерекше қызығушылығын тудырып, мыңдаған қаралым жинады.

Ордабасы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің басшылығының айтуынша, бұл бастама тек мерейтойлық акция шеңберіндегі іс-шара ғана емес, құтқарушы мамандығының құндылығын, оның қоғамдағы ерекше рөлін жас буынға тереңірек түсіндірудің тиімді тәсілі болып отыр.

«Әкем – менің қаһарманым» деген бала сөзі – құтқарушы үшін ең үлкен марапат. Ал біздің мақсат – осы мамандыққа деген құрметті арттырып, құтқарушылардың беделін көтеріу», – дейді бөлім өкілдері.

«30 игі іс» аясында ұйымдастырылған бұл челлендж Ордабасы ауданындағы ғана емес, жалпы Түркістан облысы бойынша төтенше жағдайлар жүйесінде қызмет ететін ондаған маманның отбасына қуаныш сыйлап, қоғам назарын құтқарушылардың адал еңбегіне тағы бір мәрте аударды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *