МАЛ БОРДАҚЫЛАУ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Сауран ауданында ауыл шаруашылығына бағытталған ауқымды инвестициялық жоба іске асуда. Бабайқорған ауылдық округіне 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы мен қайта өңдеу кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Аталған жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асуда және толық іске қосылғанда өңірдің ет өндіру мен өңдеу саласындағы әлеуетін едәуір арттырмақ.
Жоба жалпы 20 гектар аумақты қамтиды. Оның ішінде бордақылау алаңы, мал сою, ет өңдеу және сақтау кешені салынады. Жоба құны 3,02 млрд.теңгені құрайды. Құрылыстың бірінші кезеңі 2025 жылы басталып, ал толық іске қосу мерзімі – 2026 жылдың II жартыжылдығына жоспарланған. Жоба толық жүзеге асқанда 60-ға жуық тұрақты жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындар еңбекпен қамтылмақ. Бұл – тек ет өндірісі емес, сонымен қатар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық бастама.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құрылыс нысанына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Жобаның маңыздылығына тоқталған аудан басшысы бұл кешеннің іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашатынын, сондай-ақ ауданның азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық мүмкіндіктерін арттыратынын атап өтті.
Бұл кешен іске қосылған соң, Сауран ауданы ет өнімдерін өзінде өндіріп, қайта өңдеп, дайын күйінде ішкі және сыртқы нарыққа ұсынатын әлеуетті орталыққа айналмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *