Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Мақтаарал ауданында халықпен ашық диалог орнату бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бекітілген жоспар аясында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов А.Қалыбеков ауылдық округінің тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізіп, елде жүргізіліп жатқан реформалар мен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндады.
Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамды одан әрі демократияландыру, Мемлекет басшысының бастамалары мен елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы тұрғындарды хабардар ету, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар қызметінің ашықтығын, жауапкершілігі мен халық алдындағы есептілігін арттыру.
Жиын барысында 2026 жылдың алғашқы алты айында Мақтаарал ауданында атқарылған жұмыстар туралы арнайы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды өзгерістер мен саяси реформаларға кеңінен тоқталды.
Аудан басшысы елдегі өзгерістер жергілікті басқару органдарына да үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Мемлекеттік саясатты аудан тұрғындарының игілігіне тиімді бағыттау, заңдылықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жақсарту жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі екені айтылды.
Кездесу барысында «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру мәселесіне де назар аударылды. Заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекеттік органдар қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі болып табылады.
Аудан басшысы А.Қалыбеков ауылдық округіндегі әлеуметтік мәселелерге де арнайы тоқталды. Тұрғындардың күнделікті өміріне қатысты өзекті мәселелер мен олардың шешілу жолдары талқыланып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді.
Жиынның маңызды бөлігі тұрғындармен тікелей пікір алмасуға арналды. Халыққа ашық микрофон ұсынылып, азаматтар аудан әкіміне өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойды. Тұрғындар ауылдық округтің дамуына қатысты ұсыныс-пікірлерін де жеткізді.
Бақыт Асанов көтерілген әрбір мәселеге жеке тоқталып, тұрғындардың сауалдарына кезекпен жауап берді. Кездесу барысында айтылған мәселелер назарға алынып, оларды тиісті сала басшыларымен бірлесіп қарастыру жолдары түсіндірілді.
Мәселесін жеке жеткізгісі келген азаматтар үшін аудан әкімінің жеке қабылдауы ұйымдастырылды. Қабылдауға құқық қорғау органдарының басшылары, тиісті сала басшылары және аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Тұрғындар көтерген мәселелер жауапты органдардың қатысуымен қаралып, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес ұйымдастырылатын халықпен кездесулер жергілікті атқарушы органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл формат мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларды тұрғындарға тікелей түсіндірудің тиімді тетіктерінің бірі болып табылады.
Халықпен тұрақты кері байланыс орнату арқылы жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді анықтауға, тұрғындардың ұсыныстарын тыңдауға және олардың шешілу жолдарын жауапты мемлекеттік органдармен бірге қарастыруға мүмкіндік жасалады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
А.Қалыбеков ауылдық округінде өткен кездесу де Мемлекет басшысының бастамаларын ақпараттық сүйемелдеу, мемлекеттік саясат пен реформаларды түсіндіру, жергілікті атқарушы органдардың атқарған жұмыстары туралы тұрғындарды хабардар ету және халықпен ашық диалогты нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстардың жалғасы болды.