Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Мақтаарал ауданында тұрғындармен ашық кездесулер жүйелі түрде жалғасуда. Бекітілген жоспар аясында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Иіржар ауылдық округінің тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізіп, елде жүргізіліп жатқан реформалар, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары және ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы кеңінен баяндады.
Кездесудің басты мақсаты – қоғамды одан әрі демократияландыру, Мемлекет басшысының бастамалары мен елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы тұрғындарды хабардар ету, жергілікті атқарушы органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың халық алдындағы жауапкершілігі мен есептілігін арттыру.
Жиын барысында 2026 жылдың алғашқы алты айында Мақтаарал ауданында атқарылған жұмыстар туралы арнайы бейнеролик көрсетілді. Аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды өзгерістер мен саяси реформаларға тоқталып, олардың жергілікті деңгейде орындалуы жөнінде түсіндірді.
Аудан әкімі ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан өзгерістер жергілікті басқару органдарына да үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Мемлекеттік саясатты аудан тұрғындарының игілігіне тиімді бағыттау, заңдылықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жақсарту жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі екені айтылды.
Сонымен қатар кездесуде «Заң мен тәртіп» қағидатының маңыздылығына назар аударылды. Қоғамда заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті нығайту және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстар жергілікті деңгейде де жүйелі жүргізілуі қажеттігі атап өтілді.
Иіржар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу барысында халықты толғандырып отырған әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылды. Елді мекендердегі өзекті мәселелер, тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты ұсыныстары мен өтініштері талқыланып, оларды шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді.
Жиынның маңызды бөлігі тұрғындармен тікелей пікір алмасуға арналды. Халыққа ашық микрофон ұсынылып, азаматтар аудан әкіміне өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қоюға мүмкіндік алды. Тұрғындар ауылдық округтің дамуына, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерге қатысты ұсыныс-пікірлерін де ортаға салды.
Бақыт Асанов көтерілген әрбір мәселеге жеке тоқталып, тұрғындардың сауалдарына кезекпен жауап берді. Жиында айтылған мәселелер назарға алынып, оларды тиісті сала басшыларымен бірлесіп қарастырудың жолдары түсіндірілді.
Сонымен бірге мәселесін көпшілік алдында емес, жеке жеткізгісі келген тұрғындар үшін аудан әкімінің жеке қабылдауы өткізілді. Қабылдауға құқық қорғау органдарының басшылары, тиісті сала басшылары және аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Бұл тұрғындар көтерген мәселелерді жауапты органдар өкілдерінің қатысуымен жан-жақты қарастыруға мүмкіндік берді.
Халықпен ашық кездесулер өткізу – мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы тұрақты кері байланысты қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі. Мұндай формат тұрғындарға жергілікті атқарушы органдардың жұмысы туралы тікелей ақпарат алуға, ал билік өкілдеріне елді мекендердегі өзекті мәселелерді халықтың өз аузынан естуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының Жарлығында көзделген халықпен тұрақты кездесу өткізу тәртібі жергілікті атқарушы органдар қызметінің ашықтығын, есептілігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тікелей тыңдау арқылы елді мекендердегі мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге және атқарылатын жұмыстардың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік туады.
Иіржар ауылдық округінде өткен кездесу де Мемлекет басшысының бастамалары мен елде жүргізіліп жатқан реформаларды халыққа түсіндіру, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тұрғындарды хабардар ету және жергілікті мәселелерді ашық талқылау бағытындағы жұмыстардың жалғасы болды.
Мақтаарал ауданында халықпен ашық диалог орнату, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеру және мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.