Мақтаарал ауданында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру бағытындағы рейдтік және профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Осы мақсатта құрылған мобильді топ аудан аумағындағы саябақтарда, скверлерде, жағалау аймақтарында, демалыс орындарында және тұрғындар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда тазалық талаптарының сақталуына бақылау жүргізіп келеді.
Рейдтік іс-шаралардың негізгі мақсаты – қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз ету, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және абаттандыру талаптарының бұзылуына жол бермеу.
Сонымен қатар тұрғындарға қолданыстағы заң талаптарын түсіндіруге, тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын жеткізуге бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Осы аптада өткізілген рейдтік шаралар барысында тазалық қағидаларын бұзудың 11 фактісі анықталды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша 3 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ 505-бап бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Құқық бұзушыларға жалпы 90 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар елді мекендердің санитариялық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Ал «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық орындарда белгіленген талаптардың сақталуына бақылау жасалып, анықталған құқық бұзушылықтарға заң аясында тиісті шаралар қабылдануда.
Аудан аумағының тазалығы тек жауапты мекемелердің жұмысына ғана емес, әрбір тұрғынның қоғамдық ортаға деген жауапкершілігіне де байланысты. Сондықтан мобильді топ рейдтік шаралармен қатар түсіндіру және алдын алу жұмыстарына да ерекше мән беріп отыр.
Саябақтар, скверлер, демалыс орындары мен басқа да қоғамдық аумақтардың тазалығын сақтау тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырудың маңызды бөлігі саналады.
Мақтаарал ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясындағы рейдтік және профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.