Мақтаарал ауданында жастардың діни сауаттылығын арттыру, деструктивті діни ағымдардың алдын алу, этносаралық татулық пен қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мақтаарал ауданының ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Мақтаарал» аграрлық колледжі мен №14 колледжінің студенттері арасында арнайы кездесулер өтіп, жастарға діни сауаттылық, ақпараттық қауіпсіздік, құқықтық мәдениет және қоғамдағы келісімді сақтау мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Кездесулерге Мақтаарал ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Тұрсынханов, Түркістан облысы дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы М.Салиходжаев және аудандық Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы А.Жолдасов қатысты.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында жастарға деструктивті діни ағымдардың негізгі белгілері, олардың жеке адамға және қоғамға тигізетін кері әсері, сондай-ақ мұндай ағымдардың ықпалына түсудің алдын алу жолдары туралы мәлімет берілді.
Теолог маман діни мәселелерге қатысты ақпараттарды сенімді және ресми дереккөздерден алудың маңыздылығына тоқталды. Әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде таралатын кез келген діни мазмұндағы ақпаратқа сын көзбен қарап, оның дереккөзін тексеру қажеттігі түсіндірілді.
Әсіресе әлеуметтік желілердегі белгісіз діни уағызшылардың мазмұны күмәнді бейнероликтері мен аудио материалдарына ермеу, тексерілмеген ақпараттарды өзгелерге таратпау жөнінде кеңестер берілді.
Кездесулерде интернет кеңістігінде заңнама талаптарын сақтау мәселесіне де назар аударылды. Діни экстремизм мен терроризм идеологиясын насихаттайтын материалдарды таратпау, күмәнді мазмұндағы ақпараттарға сақтықпен қарау және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі айтылды.
Жастардың ақпараттық сауаттылығын арттыру қазіргі жағдайда маңызды бағыттардың бірі екені атап өтілді. Себебі әлеуметтік желілер арқылы таралатын жалған немесе арандатушылық сипаттағы ақпараттарды дұрыс саралай білу азаматтардың қауіпсіздігімен қатар қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға да ықпал етеді.
Кездесулердің тағы бір маңызды бағыты – этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайту мәселесі болды. Студенттерге түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара құрмет, түсіністік пен сыйластықтың маңызы түсіндірілді.
Мамандар әлеуметтік желілерде кездесетін арандатушылық сипаттағы ақпараттарға ермеу, жалған мәліметтерді таратпау және қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға әр азаматтың үлес қосуы қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар жастарды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтеуге, құқықтық сауаттылықтарын арттыруға және қоғам өміріне белсенді араласуға шақырды.
Ақпараттық кездесулер барысында студенттерге өздерін қызықтырған сауалдарды қоюға мүмкіндік берілді. Жастар діни сауаттылық, әлеуметтік желілердегі ақпараттық қауіпсіздік, деструктивті діни ағымдардың алдын алу және этносаралық татулық мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды.
Мамандар студенттердің сауалдарына жауап беріп, күнделікті өмірде және интернет кеңістігінде кездесетін күмәнді діни ақпараттарды ажырата білу, ресми әрі сенімді ақпарат көздеріне жүгіну жөнінде түсіндірме берді.
Мақтаарал ауданының ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған кездесулер жастардың діни және құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, қоғамдағы тұрақтылықты, этносаралық келісімді және өзара сыйластықты нығайтуға бағытталды.
Жастармен жүргізілетін осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мемлекеттік органдардың профилактикалық қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл жұмыстар арқылы жас буынға ақпаратты дұрыс саралау, заң талаптарын сақтау, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтеу мен қоғамдық келісімге жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы түсіндіріледі.