Кентауда Сақ Мәуленқұловтың 100 жылдығына арналған конференция өтті

Кентау қаласында көрнекті кенші, мемлекет және өндіріс қайраткері, елдің өндірістік дамуына елеулі үлес қосқан Сақ Мәуленқұловтың 100 жылдығына арналған «Еңбегімен елге танылған тұлға» атты тағылымды конференция өтті. Ауқымды жиын Кентаудың өндірістік тарихында өзіндік орны бар тұлғаның еңбек жолын кеңінен насихаттап, оның ел мен қала дамуына қосқан үлесін кейінгі ұрпаққа таныстыруға арналды.

Шараның негізгі мақсаты саналы ғұмырын кен өндірісінің дамуына арнаған Сақ Мәуленқұловтың кәсіби және қоғамдық қызметін зерделеу, өндіріс саласындағы еңбегін дәріптеу және тарихи тұлғаның өнегелі жолын жастарға жеткізу болды.

Конференция алдында Сақ Мәуленқұловтың өмірі мен еңбек жолына арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде ардагер кеншінің Кентау қаласының қалыптасуы мен өндірістік әлеуетінің артуына қосқан үлесін көрсететін құнды деректер мен материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Қатысушыларға тұлғаның өмірі мен қызметі туралы бейнеролик те көрсетілді.

Тағылымды жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңіс Мәуленқұлов, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, зиялы қауым өкілдері, ардагер кеншілер, өндіріс саласының мамандары, жастар және қала тұрғындары қатысты.

Конференцияға ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым модераторлық етті. Жиын барысында Сақ Мәуленқұловтың еңбек жолы, өндірістік қызметі, қоғамдық-саяси өмірдегі орны және Кентау қаласының дамуына қосқан үлесі жан-жақты талқыланды.

Конференция барысында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «QazIndustry» АҚ тәуелсіз директоры, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің, Қазақстан Республикасының «Құрметті машина жасаушысы», «КСРО Құрметті металлургі» төсбелгілерінің иегері Қылышбек Сатылғанұлы Ізбасханов «Өндіріс алыбынан Жоғарғы Кеңес мінберіне дейін: Сақ Мәуленқұловтың тарихи тұлғасы және қоғамдық-саяси мектебі» тақырыбында баяндама жасады.

Техника ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі Досанбай Қалдарбайұлы Бекбергенов «Ащысай полиметалл комбинаты мен Байжансай кенішінің игерілу тарихы және С. Мәуленқұловтың тау-кен саласындағы мұрасы» тақырыбында ой бөлісті. Баяндамада Кентау өңіріндегі кен орындарының игерілу тарихы және өндіріс саласының қалыптасу кезеңдері қамтылды.

Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі, кітапхана ісінің үздігі Жанар Қонай «Ғасырлық із, ұрпаққа мұра» тақырыбында баяндама ұсынып, Сақ Мәуленқұловтың өнегелі өмірі мен тарихи мұрасының маңызына тоқталды.

Баяндамалар барысында Сақ Мәуленқұловтың Ащысай полиметалл комбинатының дамуына қосқан үлесі, өндірісті ұйымдастырудағы тәжірибесі, елдің қоғамдық-саяси өміріндегі қызметі және кейінгі буынға қалдырған өнегесі туралы тың деректер айтылды. Тұлғаның еңбек жолы Кентаудың өндірістік даму тарихымен тығыз байланыста қарастырылды.

Сақ Мәуленқұловтың қызметі Кентаудың өндірістік әлеуетінің қалыптасу кезеңдерімен сабақтасып жатыр. Кен өндірісінің дамуы қала экономикасының негізін қалыптастырып, еңбек ұжымдарының, өндірістік мамандардың және инженерлік кадрлардың қалыптасуына әсер етті. Осы тарихты жасаған азаматтардың еңбегін зерттеу қазіргі ұрпаққа қаланың даму жолын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Конференцияның жастар үшін де тәрбиелік мәні болды. Өндіріс саласында ұзақ жылдар еңбек еткен тұлғаның өмір жолы еңбекқорлық, кәсіби жауапкершілік және ел дамуына қызмет ету ұғымдарымен сабақтастырылды. Ардагерлердің тәжірибесін кейінгі буынға жеткізу өндірістік дәстүрдің сабақтастығын сақтауға мүмкіндік береді.

Жиын соңында кен өндірісі саласында ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, Кентаудың дамуына үлес қосқан ардагерлерге «Сақ Мәуленқұлов, 100 жыл» мерейтойлық төсбелгілері табысталды. Ардагерлердің еңбегіне құрмет көрсетіліп, олардың өндіріс саласындағы көп жылғы қызметі атап өтілді.

Сақ Мәуленқұловтың 100 жылдығына арналған конференция Кентаудың өндірістік тарихын қалыптастырған тұлғалардың еңбегін дәріптеуге мүмкіндік берді. Мұндай тағылымды шаралар еңбек адамдарының өнегелі жолын насихаттап, өндірістік мұраны сақтауға және жас ұрпаққа қала тарихының маңызды кезеңдерін таныстыруға бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *