Отырар аудандық қоғамдық кеңесінің кезектен тыс отырысы өтіп, аудан тұрғындары үшін маңызды бірқатар мәселе кеңінен талқыланды. Жиын барысында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер, елді мекендердің шекараларын өзгерту және су шаруашылығы нысандарын жаңғыртуға қатысты ұсыныстар қаралды.
Жиынды қоғамдық кеңестің төрағасы Төрехан Амантай ашып, жүргізді. Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, қоғамдық кеңес мүшелері, тиісті бөлімдер мен мекеме басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жауапты мамандар қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы әрі тұрғындар тарапынан ерекше назар аударылған мәселе аудан халқына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігіне арналды. Қоғамдық кеңес мүшелері тұрғындардан келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарды ортаға салып, медициналық ұйымдардағы қызмет көрсету сапасын арттыру қажеттігін көтерді.
Қоғамдық кеңес мүшесі Байбатша Тастанбеков аудандық ауруханада көз дәрігерінің жоқтығы тұрғындарға қолайсыздық туғызып отырғанын айтты. Сонымен қатар тегін дәрі-дәрмек алу кезінде ұзын-сонар кезектің қалыптасатынын және ауруханаға жоспарлы түрде жату мәселесінде де тұрғындардың қиындықтарға кездесетінін жеткізді.
Бақытжан Сапарбай медициналық анықтамалар мен қажетті құжаттарды алу барысында тұрғындардың ұзақ уақыт кезек күтуіне тура келетінін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай мәселелерді жекелеген жағдай ретінде қарамай, қызмет көрсету жүйесін жетілдіру арқылы кешенді түрде шешу қажет.
Жиын барысында Қалдан Байжұман, Дәурен Полатбаев, Әбдірахман Мәуленқұл, Бегалы Әймішов және Дәурен Ақсақалов та денсаулық сақтау саласында шешімін күтетін мәселелер бар екенін айтып, бірқатар ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, тұрғындар көп жиналатын кезеңдерде қызмет көрсететін мамандар санын арттыру, елді мекендерді көгалдандыруға көңіл бөлу және тұрғындарға дәрігер қабылдау мерзімі туралы алдын ала хабарлап отыру мәселелері көтерілді.
Қоғамдық кеңес отырысында айтылған ұсыныстардың барлығы халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған. Тұрғындардың медициналық көмекке уақытылы жүгінуі үшін ақпараттың қолжетімді болуы, қажетті мамандардың қызмет көрсетуі және қабылдау тәртібінің дұрыс ұйымдастырылуы маңызды.
Бұл мәселе балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы үшін де өзекті. Білім беру ұйымдарындағы оқушылардың денсаулығын сақтау медициналық профилактикамен, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарымен және қажет болған жағдайда мамандардың көмегіне дер кезінде жүгінумен тығыз байланысты. Сондықтан денсаулық сақтау қызметінің қолжетімді болуы өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен қалыпты дамуы үшін де маңызды.
Көтерілген мәселелерге аудандық аурухананың басшысы Бауыржан Әбдімәлік жауап берді. Ол қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар мен сын-ескертпелер назарға алынатынын айтып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсарту бағытында мамандармен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов денсаулық сақтау саласындағы тәртіп пен қызмет көрсету мәдениетін күшейтудің маңызын атап өтті. Ол аудандық аурухана басшысына еңбек тәртібін қатаң бақылауға алуды, тұрғындардың орынды талап-тілектеріне жедел назар аударуды және жиын барысында көтерілген мәселелерді қысқа мерзімде шешу бағытында нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Жиын барысында қаралған тағы бір мәселе Отырар ауданы бойынша елді мекендердің шекараларын өзгерту туралы бірлескен қаулы және шешім жобасына қатысты болды. Бұл мәселе бойынша да қоғамдық кеңес мүшелері өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, құжат жобасының мазмұнын талқылады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты каналдарды қайта жаңғырту мақсатында жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу мәселесі қаралды. Осыған байланысты жалпы көлемі 235,8 гектар жер учаскесіне бес жыл мерзімге қауымдық сервитут белгілеу туралы қаулы жобасы талқыланды.
Су шаруашылығы нысандарын жаңғырту мәселесінің аудан үшін маңызы жоғары. Отырардың ауыл шаруашылығында су ресурстары негізгі өндірістік факторлардың бірі саналады. Каналдарды қайта жаңғыртуға бағытталған жобалау жұмыстары су жүйесінің тиімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына қажетті инфрақұрылымды жетілдіруге негіз болады.
Қоғамдық кеңес жұмысының негізгі ерекшелігі, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді талқылап, тиісті мекемелердің назарын нақты проблемаларға аудару. Мұндай ашық пікір алмасу мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың өз ұсыныстарын жеткізуіне мүмкіндік береді.
Кеңес отырысында қаралған мәселелердің әрқайсысы бойынша жауапты мекемелердің ұстанымы тыңдалып, ұсыныстар назарға алынды. Әсіресе медициналық қызмет сапасына қатысты тұрғындардың пікірлері алдағы жұмыстар барысында ескерілетіні айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданып, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді. Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді ашық талқылап, оларды шешуге бағытталған нақты ұсыныстарды қалыптастырудың маңызды алаңына айналды.