КЕНТАУ ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ АРТУДА

КЕНТАУ ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ АРТУДА

Кентау қаласында оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығы артып, жас зерттеушілердің жетістіктері көбейіп келеді. Қалалық, облыстық және республикалық деңгейде ұйымдастырылатын ғылыми жобалар байқауларына қатысушылар санының өсуі – білім беру саласында оқушылардың ізденісін қолдауға және олардың зерттеушілік қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстардың нәтижесі.

Оқушылардың ғылымға деген ынтасын қатысушылар санының жыл сайынғы көрсеткішінен де байқауға болады. Атап айтқанда, 2024 жылы ғылыми жобалар байқауларына 120 оқушы қатысса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 160-қа жеткен. Ал 2026 жылы ғылыми ізденіске қызығушылық танытқан оқушылар саны 174-ті құрады.

Бұл көрсеткіштер жас ұрпақтың білімге құштарлығын арттыруда ұстаздар мен ғылыми жетекшілердің еңбегі зор екенін аңғартады. Оқушылардың ғылыми жобаларға қатысуы олардың өз бетінше ізденуіне, жаңа идеяларды зерттеуіне, зерттеу нәтижелерін талдап, көпшілік алдында қорғау дағдыларын қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Республикалық ғылыми жобалар байқауындағы жетістіктер

Кентау қаласының оқушылары Астана қаласында өткен ғылыми жобалар конкурсының республикалық кезеңінде жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.

Химия пәні бойынша Әлия Молдағұлова атындағы №19 ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінің оқушысы Бимолдаева Камшат II орын иеленді. Жас зерттеушінің ғылыми жетекшісі – Әбсейіт Алтынбек.

Ал информатика пәні бойынша Әл-Фараби атындағы №14 мектеп-гимназиясының оқушысы Жексенбі Нұрбол III орынға қол жеткізді. Оның ғылыми жетекшісі – Адырбекова Айгерім.

Сонымен қатар республикалық кезеңге жолдама алып, байқауға қатысқан оқушылардың қатарында қазақ тілі пәні бойынша Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Абдулла Асел бар. Жетекшісі – А. Байменова.

Физика пәні бойынша Ө. Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Дадаханов Атабек те республикалық кезеңде бақ сынады. Оның ғылыми жетекшісі – Н. Насирова.

Аталған жетістіктер оқушылардың әртүрлі ғылым салаларына қызығушылық танытып, өз білімдерін республикалық деңгейде сынауға ұмтылатынын көрсетеді.

«Зерде» байқауында жас зерттеушілер топ жарды

Кентау оқушыларының жетістіктері 2–7-сынып оқушылары арасында өткізілген республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауының шешуші кезеңінде де жалғасын тапты. Байқауда қала оқушылары зерттеу жұмыстарын жоғары деңгейде қорғап, жүлделі орындарға ие болды.

Атап айтқанда, М. Әуезов атындағы №22 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Ратнер Алина ағылшын тілі бағыты бойынша «A Role of Comics in Learning a Foreign Language» тақырыбындағы ғылыми жобасын сәтті қорғап, республика бойынша I орын иеленді.

Жас зерттеушінің ғылыми жетекшісі – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Нысанбаева Гүлімжан Бахытжановна. Жоба шет тілін үйрену үдерісіндегі комикстердің рөлін зерттеуге арналған. Бұл жұмыс оқушылардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырудың жаңа тәсілдерін қарастыруымен ерекшеленеді.

Сондай-ақ «Адал Роумакс» жалпы білім беретін мектебінің 4-сынып оқушысы Махсутова Айнара «Хош иісті балауыз шамдар» тақырыбындағы ғылыми жобасын қорғап, II орынға ие болды.

Оқушының ғылыми жетекшісі – бастауыш сынып мұғалімі Нусқабаева Дюсенгүл Өмірбаевна. Бұл жетістік бастауыш сынып оқушыларының да зерттеу жұмыстарына белсенді қатысып, өз идеяларын ғылыми жоба арқылы таныстыра алатынын дәлелдейді.

Жас ғалымдардың жетістігі – ортақ мақтаныш

Кентау оқушыларының республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болуы – жас ұрпақтың білімге деген құштарлығы мен табандылығының, сондай-ақ ұстаздардың жүйелі еңбегінің нәтижесі. Оқушылардың ғылыми ізденістерге ерте жастан араласуы олардың шығармашылық ойлауын дамытып, жаңа білімді меңгеруге және өз қабілеттерін ашуға жол ашады.

Бұл жетістіктерде оқушыларға қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар берген ғылыми жетекшілер мен ата-аналардың да еңбегі зор. Ұстаздардың кәсіби білімі мен оқушылардың ізденісін ұштастыру арқылы жас зерттеушілердің әлеуетін дамытуға мүмкіндік молаяды.

Оқушылардың ғылыми жобаларға қатысу көрсеткішінің жыл сайын өсуі және республикалық деңгейдегі жетістіктері Кентау қаласында білім мен ғылымға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Білімге құштар, жаңалыққа ұмтылған жас зерттеушілердің жетістіктері – қаланың мақтанышы. Олардың ғылым жолындағы ізденісі мен табандылығы алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыруға негіз болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *