Отырар ауданында дәстүрлі еңбекпен қатар, ерекше кәсіп түрлерін қолға алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар аз емес. Солардың бірі, М. Шойманов ауылында тұратын 62 жастағы Махсұт Арапбаев. Ол бірнеше жылдан бері үй ауласында бал ара шаруашылығын дамытып, омарташылықты отбасының кәсібіне айналдырып келеді.
Махсұт ағамыздың негізгі қызметі М. Шойманов ауылындағы П. Айтменов атындағы мектепте кіші қызметкер болып еңбек ету. Еңбекке жастайынан бейім болған азамат бос уақытында ара шаруашылығымен айналысып, өзіне қосымша кәсіп қалыптастырған. Қазір бұл істі балалары да меңгеріп, әкесінің тәжірибесін жалғастырып келеді.
Омарташылықты кәсіп ретінде таңдаған Махсұт Арапбаев үшін ара ұстау жай ғана табыс көзі емес, үлкен жауапкершілікті талап ететін еңбек. Ара шаруашылығында әрбір ұсақ-түйекке мән беру қажет. Омартадағы тазалықты сақтау, ара ұяшықтарын уақытылы бақылау және жәндіктердің қалыпты тіршілігіне жағдай жасау сапалы өнім алудың негізгі шарттарының бірі.
Кәсіп иесінің айтуынша, араның өзіндік тіршілік тәртібі бар. Олар ерекше күтімді қажет етеді және омарташыдан ұқыптылық пен шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан ара шаруашылығымен айналысатын адам өз кәсібіне жауапкершілікпен қарап, омартаның тазалығын үнемі бақылауда ұстауы керек.
«Аралар тазалықты сүйеді. Сондықтан ара ұстасаңыз, омартаның мұнтаздай таза болуына аса мән беру керек. Үнемі ыждағаттап тазалап, мұқият қадағалағанда ғана сапалы бал жинап алуға болады», дейді омарташы.
Махсұт Арапбаевтың бұл кәсібі отбасылық еңбекке де айналып отыр. Ол балаларын жастайынан еңбекке баулып, шаруашылықтың қыр-сырын үйреткен. Бүгінде ұлдары әке ісін меңгеріп, бал өнімін өндіру мен сатуға атсалысып келеді. Осылайша омарташылық бір отбасының кәсібінен ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын еңбек мектебіне айналуда.
Омарташының айтуынша, бір ара ұяшығынан жылына 40-50 келіге дейін бал алуға болады. Өнімге сұраныс та бар. Табиғи балдың тағам ретінде кең қолданылуы оның нарықтағы өтімділігін арттырып отыр. Қазіргі таңда 1 келі балдың нарықтағы бағасы 2,5-3 мың теңге көлемінде.
Бал ара шаруашылығы ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытудың бір бағыты ретінде де өзіндік маңызға ие. Үлкен өндірістік нысанды қажет етпейтін бұл кәсіпті белгілі бір көлемде үй жағдайында бастауға болады. Ең бастысы, омарташылықтың ерекшелігін меңгеріп, араға қажетті жағдай жасап, өнімді сапалы өндіруге мән беру.
Мұндай кәсіптің жастарға берер өнегесі де мол. Еңбекке ерте араласу, ата-анадан кәсіп үйрену, ауылда өз кәсібін қалыптастыру жас буынның еңбекқорлық қасиетін арттырады. Әсіресе әкенің өз кәсібін балаларына үйретуі отбасы мүшелерінің бірге еңбек етуіне және тәжірибенің кейінгі ұрпаққа берілуіне жол ашады.
Ара шаруашылығы табиғатпен тығыз байланысты болғандықтан, омарташы қоршаған ортаға да ұқыпты қарауы қажет. Аралардың тіршілігі өсімдіктер әлемімен тығыз сабақтас. Сондықтан табиғатты қорғау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бұл кәсіптің маңызды қырларының бірі.
Махсұт Арапбаев алдағы уақытта кәсібін одан әрі дамытып, омарта шаруашылығын кеңейтуді мақсат етіп отыр. Өнім көлемін арттыру арқылы табысын көбейтіп қана қоймай, отбасылық кәсіпті тұрақты шаруашылыққа айналдыруды көздейді.
Отырарлық омарташының еңбегі ауылда кәсіп бастау үшін міндетті түрде ірі өндіріс қажет еместігін көрсетеді. Табандылық, еңбекқорлық және өз ісіне деген жауапкершілік арқылы шағын шаруашылықты да табыс көзіне айналдыруға болады. Махсұт Арапбаевтың бал ара өсіру кәсібі еңбек пен отбасы дәстүрін ұштастырған берекелі бастамалардың бірі болып отыр.