Ислам – бейбітшілік пен мейірімділік діні

         Ислам діні – жер бетіндегі бейбітшілік пен тыныштықты насихаттайтын,       адамдар арасында әділдік, сүйіспеншілік және бірлік орнатуға үндейтін ұлы дін.    Оның негізінде мейірім, кешірім және адамгершілік қағидалары жатыр. Мұсылмандардың сәлемдесуде айтатын әссәламу алейкум сөзі – сендерге Алланың бейбітшілігі мен есендігі, тыныштығы болсын, деген мағынаны білдіреді. Ислам сөзі араб тілінде бейбітшілік, амандық, бағыну деген мағыналарды қамтиды. Бұл діннің басты мақсаты – адамның жүрегін тыныштыққа жеткізу және Аллаға толықтай бағыну арқылы дүние мен ақырет бақытына жетелеу. Ислам, сәләм, мұсылман деген сөздерінің барлығының түбірі бір яғни бейбітшілік пен тыныштықтың мағынасын қамтитын сөздер.           Исламның басты қайнар көздері Құран Кәрім және сүннет – яғни Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан сөзі, жасаған ісі және құптауы. Құранда бейбітшілік пен мейірімділікке шақыратын көптеген аяттар бар. Онда жазықсыз жанға зиян келтіру үлкен күнә болып саналады: «Кімде-кім біреуді әділетсіз өлтірсе, ол барлық адамзатты өлтіргенмен тең. Ал кім оны тірілтсе, ол барлық адамзатты тірілткенмен тең» («Маида» сүресі, 32-аят).                                               

             Ислам тарихына үңілсек, Алла Елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) әрдайым адамдарды татулық пен келісімге шақырғанын көреміз. Ол тіпті өзіне дұшпандықпен қараған адамдарға да мейірімділік танытып, кешіріммен қараған. Оның ең жарқын мысалы – Мекке қаласын бейбіт түрде азат ету оқиғасы. Сол кезде Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзіне зұлымдық жасағандарды кешіріп, оларға ешқандай жаза қолданбаған. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Бухариде келген басқа бір хадисінде: Нағыз мұсылман – өзгелер оның қолы мен тілінен зиян көрмейтін адам, деп мұсылмандардың бейбітшіл болуына үндеу тастады.   

             Қазіргі таңда Ислам діні кейбір топтардың іс-әрекеттерімен байланыстырылып, қате түсініктер таралуда. Ислам ешқашан зорлық-зомбылықты, жазықсыз адамдарға зұлымдық жасауды қолдамайды. Құранда жазықсыз адам өлтіру – үлкен күнә деп көрсетілген. Шынайы мұсылман біреудің құқығын таптауға немесе оған зиян келтіруге тыйым салатын қағидаларды ұстанады.

       Қазіргі жасалып жатқан лаңкестік әрекеттерді Ислам дініне жауып, оны «террористтік дін» етіп көрсету – оған жасалған тарихта бұрын-соңды болмаған        ауыр қиянат. Терроризмнің діні, ұлты болмайды. Жапонияның Токио қаласындағы метрода бірқатар адамның өліміне себеп болған Аум Сенрике сектасының жасаған лаңкестік әрекетін ешкім «Будда терроризмі» деген емес. 2000-2004 жылдар аралығында болған Испанияның Мадрид қаласында орын алған бірнеше лаңкестік әрекеттерді «Христиан терроризмі деп ешкім айыптаған жоқ.

Ендеше, мұсылманның атын жамылған кейбір лаңшыл адамдардың жасаған террорлық әрекеттерін бейбітшілікті уағыздайтын Ислам дініне жабудың ешқандай негізі жоқ.  

            Кейбір адамдар, әсіресе радикалды немесе экстремистік көзқарастарды ұстанатындар исламды өз мақсаттарына сәйкес бұрмалауы мүмкін. Алайда бұл жеке тұлғалардың немесе топтардың әрекеттері исламның негізгі қағидаларымен үйлеспейді. Ислам әлемінде бейбітшілік пен бірлікті қолдайтын көптеген ұйымдар мен қоғамдар бар, олар діннің шынайы құндылықтарын таратуға және теріс пиғылды идеологияларды жоюға тырысады. Сондықтан исламды радикалды дін деп қарастыру – бұл қате түсінік. Исламның өзінде зорлық-зомбылыққа, терроризмге және экстримизмге қарсы көптеген нұсқаулар бар. Сондықтан әр адам дінді дұрыс түсінуге және оны таза күйінде жеткізуге, қоғамға пайда әкелуге  ұмтылу керек. Ислам – қараңғылық емес, білім мен рухани жетілудің жолы.

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің  бөлім маманы                                                           Қ.Мырзабай

2025 жылғы «___» ________    

Тіркеу №_____

About The Author

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *