Ордабасы ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында елді мекендерді көркейту және көшелердің тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан аумағында кезекті сенбілік ұйымдастырылып, оған 1 200 адам қатысып, 10 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 7 тонна қоқыс жиналды.
ТЕМІРЛАНДА АУҚЫМДЫ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Аудан орталығы Темірлан ауылында сенбілікке 500-ге жуық мекеме қызметкері, жастар мен тұрғындар қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты.
Қажымұқан және Тұрманжанов көшелерінде арықтар тазаланып, тротуарлар бойындағы көгалдандырылған аумақтардың топырағы қопсытылды. Сонымен қатар ағаштар санитарлық қырқудан өткізіліп, күзгі жапырақтар жиналды. Көшелер мен қоғамдық орындарды ретке келтіруге бағытталған жұмыстар ауылдың көркін жақсартуға мүмкіндік берді.
АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДЕ ДЕ СЕНБІЛІК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Тазалық жұмыстары ауданның ауылдық округтерінде де қатар жүргізілді. Қоғамдық орындар мен мекеме аулалары тазартылып, көшелер мен айналадағы аумақтар қоқыстан аршылды.
Сенбілікке тұрғындардың, жастардың және мекеме қызметкерлерінің қатысуы қоршаған ортаны қорғауға деген ортақ жауапкершіліктің маңызын көрсетті. Аумақтарды таза ұстау мен көгалдандыру жұмыстары елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған.
ТАЗАЛЫҚ ПЕН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТЫ НАЗАРДА
Аудан әкімі елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуын назарда ұстап, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастыруды тапсырған болатын. Сондай-ақ өз ауылының тазалығына жауапкершілікпен қарап, көркейту жұмыстарына белсенділік танытқан елді мекендерге қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізген еді.
Бұл бастама тұрғындарды туған жердің тазалығына жанашырлықпен қарауға ынталандырып, ауылдарды көркейтуге бағытталған жұмыстардың маңызын арттыра түседі.
ТАЗАЛЫҚ – КҮНДЕЛІКТІ ДАҒДЫҒА АЙНАЛУЫ ТИІС
Таза көше мен көрікті ауыл – тұрғындардың ортақ еңбегінің нәтижесі. Қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындарды таза ұстау және табиғатқа ұқыпты қарау әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы қажет.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға және елді мекендердің көркін арттыруға бағытталады.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі