ОРДАБАСЫ: «ӘН – КӨҢІЛДІҢ АЖАРЫ» МӘДЕНИ КЕШІ ӨТТІ

Ордабасы ауданында ұлттық өнерді ұлықтап, ауыл өнерпаздарының шығармашылығын дәріптеу және аға буынға құрмет көрсету мақсатында «Ән – көңілдің ажары» атты мәдени кеш өтті. Шұбар және Төрткүл ауылдық округтерінің тұрғындарын тоғыстырған тағылымды шара өнер мен өнегені ұштастырып, ауыл арасындағы ынтымақты нығайтуға арналды.

ҚАРИЯЛАР ҚАЖЫМҰҚАН МУЗЕЙІН АРАЛАДЫ

Мәдени шара аясында Шұбар және Төрткүл ауылдық округтерінің ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары Қажымұқан музейіне барып, тарихи жәдігерлермен танысты. Қатысушылар ұлттық тарих пен рухани мұраны дәріптейтін музей экспозицияларын тамашалап, халқымыздың тарихи құндылықтары туралы мағлұмат алды.

Бұдан кейін аға буын өкілдері мәдениет үйінде аудан әкімі Азат Оралбаевпен дастарқан басында жүздесті. Еркін форматта өткен кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, аудан әкімінің орынбасары, ауданның Құрметті азаматтары, ел ағалары мен ауыл ақсақалдары қатысты.

АУЫЛДАРДЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Басқосуда ауылдардың тыныс-тіршілігі, елді мекендерді дамыту, тазалық пен абаттандыру мәселелері талқыланды. Қариялар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ауыл өміріне қатысты бірқатар мәселені көтерді.

Аудан әкімі Азат Оралбаев аға буынның пікіріне құлақ асудың және елдік мәселелерді көппен кеңесіп шешудің маңызын атап өтті.

«Бүгін сіздермен ашық форматта жүздесіп, ой-пікірлеріңізді тыңдап, ортақ мәселелерді бірге талқылауды жөн көрдік. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды өздеріңіз де көріп отырсыздар. Әсіресе елді мекендердің тазалығы мен көркейту жұмыстарына баршамыз бірлесе атсалысуымыз қажет», – деді аудан басшысы.

Кездесу барысында елді мекендерде тазалық мәдениетін қалыптастыру және абаттандыру жұмыстарын жандандыру мәселелері де сөз болды. Аудан әкімі ауылдық округтер арасында тазалық пен көркейтуге бағытталған байқау ұйымдастырылғанын айтып, туған ауылдың дамуына тұрғындардың белсенді қатысуы маңызды екенін жеткізді.

Сонымен қатар тазалық жұмыстары мен абаттандыруда белсенділік танытқан ауылдық округке тұрғындардың сұранысына сай игілікті нысан немесе жоба жүзеге асыруға қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Өз кезегінде ауыл ақсақалдары елді мекендердің дамуына қатысты ұсыныстарын білдіріп, тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, ауылдың көркеюі баршаға ортақ жауапкершілік екенін айтты.

АУЫЛ ӨНЕРПАЗДАРЫ ӘН МЕН БИ ӨНЕРІН ТАНЫТТЫ

Аға буынмен өткен тағылымды кездесуден кейін орталық алаңда «Ән – көңілдің ажары» атты мәдени бағдарлама жалғасын тапты.

Сахна төріне көтерілген Шұбар және Төрткүл ауылдық округтерінің өнерпаздары әсем ән орындап, мың бұралған биімен көрермендердің ықыласына бөленді. Ақ жаулықты аналардың да сахнаға шығып, жүрекке жылы әндерін орындауы кештің мазмұнын байыта түсті.

Орталық алаңға жиналған жұртшылық өнерпаздарға қошемет көрсетіп, ән мен әуенге толы мерекелік бағдарламаны тамашалады. Ауыл таланттарының өнері ұлттық мәдениетті дәріптеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

ӨНЕР МЕН ӨНЕГЕ ҰШТАСҚАН КЕЗДЕСУ

«Ән – көңілдің ажары» мәдени кеші ауыл тұрғындарының басын қосып, аға буынға құрмет көрсету мен ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың маңызын айқындады. Сонымен қатар шара ауылдық округтер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, елді мекендердің ортақ мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

Өнер арқылы елді ұйыстырып, өнеге арқылы ұрпақты тәрбиелейтін мұндай мәдени кездесулер ауылдың рухани өмірін байытып, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттыруға ықпал етеді.

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *