Жергілікті өнімдер тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынылды
Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Сауда алаңына ауданның 10 ауылдық округінен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кәсіпкерлер қатысып, тұрғындарға өздері өндірген өнімдерін ұсынды.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей тұтынушыға жеткізу және тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қолжетімді бағамен қамтамасыз ету.
30 ТОННА ӨНІМ САУДАҒА ШЫҒАРЫЛДЫ
Жәрмеңкеде жалпы көлемі 30 тонна өнім сатылымға қойылды. Тұрғындарға «Ордабасы құс» ЖШС-нің күркетауық еті, «Инфрастрой ЛТД» ЖШС-нің тауық еті, сондай-ақ балық, көкөніс, бақша өнімдері, бал және сүт өнімдері ұсынылды.
Жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері нарықтағы бағадан 20 пайызға төмен сатылды. Бұл тұрғындарға қажетті азық-түлікті тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар жәрмеңке ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы тікелей байланысты нығайтуға ықпал етті.
ЖӘРМЕҢКЕ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Жәрмеңкені аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов пен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы аралап көрді. Олар саудаға шығарылған өнімдердің түрлері мен бағаларын зерделеп, сатушылармен және тұрғындармен тілдесті.
Кездесу барысында өнімдерге деген сұранысқа назар аударылып, жәрмеңкенің тұрғындар үшін қолайлылығы мен жергілікті өндірушілерге беретін мүмкіндіктері бағамдалды.
ЖӘРМЕҢКЕ ӘР СЕНБІ САЙЫН ӨТЕДІ
«Дала дәмі» жәрмеңкесі жергілікті шаруалардың өнімдерін көпшілікке таныстыруға, олардың еңбегін қолдауға және тұрғындардың сапалы азық-түлікке қол жеткізуіне жағдай жасайды.
Алдағы уақытта жәрмеңке әр сенбі сайын аудан орталығы Темірлан ауылында тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады. Бұл бастама жергілікті өнімдердің саудасын жандандырып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына және тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі