ҚАРИЯЛАР – ЕЛДІҢ АСЫЛ ҚАЗЫНАСЫ: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ БІРІНШІ МАМЫР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Төлеби ауданында қасиетті Халықаралық қарттар күнін жоғары деңгейде атап өту, ардақты аға буын өкілдеріне ерекше құрмет көрсету, олардың рухани-мәдени демалысын мазмұнды ұйымдастыру және ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытындағы игі істер мен шаралар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет тарапынан азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға, ардагерлер мен қарияларға қамқорлық жасауға бағытталған стратегиялық бастамаларды өңірде тиянақты жүзеге асыру мақсатында Бірінші Мамыр ауылдық округінде аға буын өкілдеріне құрмет көрсетуге арналған салтанатты мерекелік жиын өтті. Маңызды басқосуға аудан әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудандық мәслихат депутаты Исағали Әшірбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Ақтаев және аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әдбісаттар Әбдіхалықов қатысып, қарияларға ізгі тілектерін жеткізді. Қазақ халқы ежелден ата салтын ардақтап, үлкенді сыйлап, қарияны әрқашан төрге оздырған дана халық болып табылады. Халқымыздың «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген ұлағатты сөзі аға буынның қоғамдағы айрықша орны мен қадір-қасиетін айшықтай түседі. Өмір жолында талайды көріп, көңілге түйгені мен тәжірибесі мол қариялар – кейінгі жас ұрпаққа өмірлік бағыт-бағдар беріп, елдің салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын жаңғыртып, дәріптеп келе жатқан ардақты жандар болып есептеледі. Мерекелік шара барысында ардақты аға буын өкілдеріне жүрекжарды ақжарма тілектер айтылып, олар үшін арнайы мол дастархан жайылды. Қарияларға ерекше құрмет көрсетіліп, олардың туған елдің дамуына қосқан елеулі еңбегі мен саналы ұрпақ тәрбиесіндегі өнегесі кеңінен дәріптелді. Қариясын ардақтаған елдің ырысы артып, келешегі кемел болатыны анық, ал аға буынға көрсетілген шынайы құрмет пен қамқорлық – кейінгі ұрпаққа үлгі, ұлттық тәрбиенің ең тағылымды көрінісі болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *