Қазір жастар тәрбиесі қоғамды алаңдатып отыр. Нашақорлық , лудомания, вандализм, буллинг, ысырапшылдық секілді келеңсіздіктер етек алып, жастарды аздыруда. Бұл еліміздегі тәрбие жұмысының деңгейі төмендеп кеткенін көрсетеді.
Бүгінде балабақшадан бастап орта мектеп, жоғары оқу орындарының барлығында тәрбие жұмысы білім беру үдерісінен артта қалып қойған.
Балаларымыздан бірнеше тілді үйренуді талап етеміз. Заман талабы осы екен деп оқу бағдарламаларын күрделендіріп жібердік. Жас ұрпаққа сапалы білім беруді ойлап, саналы тәрбие беру мәселесіне жеткілікті назар аудармадық. Сол себепті де жастар арасында жоғарыда айтылғандай келеңсіздіктер жол берілді.
Әл –Фараби бабамыз тәрбиені білімнің алдына қойған болса, дана халқымыз «Тәрбие – тал бесіктен» деп түйген. Сондықтан бала тәрбиесін отбасынан қолға алу керек. Өйткені «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мәтел тегін айтылмаған. Үйдегі ауызбірлік болмаса, ата-ананың бір-біріне деген қатынасы дұрыс болмаса , ұрыс – керіс орын алса, тәрбие құлдырайтыны сөзсіз.
Жасыратын несі бар, қазірде көп ата-аналар балаларын ақсаусақ, аяншақ, еңбекке қыры жоқ етіп тәрбиелеуде. Адал жолмен мал табуды бойына сіңіруге талпынбайды. Жастайынан дүниеқұмарлыққа үйретеді. Оның ақыры баянсыз болатынын түсінбейді.
Қасиетті дінімізде де Президент айтып жүргендей, ысырапшылдыққа тыйым салынбай келеді.Тойда аста – төк ішім – жем қойылады. Бір – біріне бағалы, жағалы киімдер, қымбат көліктер ұсынылады. Мұның бәрі тәкаппарлық пен ысырапшылдыққа жол ашады. Ал дамыған Еуропа елдерінде бай адамдардың өзі қарапайым киініп, өзгеден ерекшеленбейді. Шағын лит-ражды автомобиль мінеді. Олар «Байлық мұрат емес, кедейлік ұят емес» деген қағидатпен өмір сүреді. Ал бізде ысырапшылдыққа жол бермеуді, бергеніне шұкіршілік қылуды үйрене алмай келеміз.
Хакім Абай өз заманында жастар тәрбиесі туралы: «Бес дұшпаның – білсеңіз»,… «бес асыл іс – көнсеңіз!» деп «Толық адам» тұжырымдамасын ұсынды. Өкінішке қарай, Абай айтқан бес дұшпаннан бүгінде арыла алмай келеміз.
Қазіргі жаһандану заманында ұлт ретінде елдігімізді сақтап қалу еліміздің жарқын болашағын құраушы жас буынның бойына рухани құндылықтарды сіңіруге көңіл бөлу керек. Оларды адамгершілігі мол, қайырымды, ізгі қасиеттерді бойына сіңірген, өз ұлтын, халқын сүйетін адал азамат етіп тәрбиелеу мәселесін мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Атыраудағы Ұлттық құрылтайда сөз етіп, адал азамат болудың жолдарын көрсетіп берді. Солардың бірі – адал еңбек ете білу. Жастарды өз кәсібін жетік білетін, еңбекқор, көзі ашық, дүниетанымы кең азамат етіп тәрбиелеу ісіне кеңінен тоқталды. «Ең бастысы адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу,адал азамат болу» деді Президент.- Озық, дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылу керек. Сол себепті біз қоғамда білімпаздықты дәріртеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз. Біз адам капиталына арқа сүйесек, өзіміз белгілеген ауқымды өзгерістердің бәрін жеңе аламыз».
Президент Ұлттық құрылтайда «Адал азамат» елдік тұжырымдамасын ұсынды. Онда «Адал азамат» деген қандай болу керек?» деген сауалға жауап берді. «Адал азамат дегеніміз –жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін қоғам сана-сезімін өзгертіп, құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайықты болса, елімізде әділ қоғам орнайды».
Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар екенін, осы үш таған озық әрі табысты елге айналудың кілті дей келіп: «Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек»-деді.
Онда елімізде идеологиялық жұмыстардың бастфы тұжырымдамасын белгілеп берді. Атап айтқанда олар: Тәуелсіздік және отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. сы идеологиялық тұжырымдаманы басшылыққа алсақ, ХХІ ғасырда лайықты орын алатынымызға сенім білдірді.
Қоғамның барлық саласында адамдар адалдықпен жүрсе, мемлекет гүлденеді. Адал еңбек еткен адам ешқашан тәртіп бұзбайды. Заңға бағынады. Ал арамдықпен жүрген жерде күллі теріс нәрселер мен жамандықтар етек алады. Ысырапшылдыққа жол беріледі. Мемлекет дамуын жылдамдататын адалдықтың тамыры отбасындағы тәлім-тәрбиеге тікелей байланысты. Сол тәрбие мен адалдық мемлекеттің келешегіне қызмет етеді деді.
Ел дамуы үшін бүкіл қоғам адал болуы керек. Президент бастаған біздің қоғамның басты мақсаты – адалдыққа жету, арамдықпен (жемқорлықпен, т.б.) күрес. Адалдық түптің түбінде отбасындағы тәрбиеден басталатынын ұмытпайық.
Е.Көшкінбай