Халықсыз билік болмайды, ал – дінсіз халық болмайды. Әр ұлттың өзіне белгілі, ұстанатын діні болады. Халықтың тұтастығы, діннің тұтастығы жəне мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тəуелді байланыс бар.
Бүгінде мемлекет пен діни ұйымдар бірлесіп еңсеретін бірқатар қауіп-қатерлер пайда болды. Сондықтан, дамуымыздың жаңа кезеңінде діни қатынастарды реттеудің құқықтық тетіктерін жетілдіру ұсынылады. Осы негізде біз еліміздің тарихы мен ерекшеліктеріне сәйкес дінге деген өзіндік ұстаным жасаудамыз. Ол үшін мемлекет пен діннің өзара іс-қимылының қазақстандық моделі қалыптасуда. Оның негізінде нақты ұстаным жатыр – ол діннің саясиланбауы. Бұдан бөлек, дінге қызығушылық танытатын тұрғындардың діни сауаттылығын көтеруге ерекше мән беріледі.
«Діни саясат» елімізде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы және Христиан Православие шіркеуі сияқты діни ұйымдар арқылы жүргізіледі. Бұған мемлекет араласпайды. Діни саясаттың мазмұнында діни бірлестіктің барлық іс-шаралары жатады. Мешіт, медресе салу, діни білім беру және оны ұйымдастыру, мазхабтар аралық келісімді қолға алу, діни тәжірибені жандандыру, діни танымды көтеру, діни сананы насихаттау, діни сенімді түсіндіру шаралары кіреді. Бірақ бұл шаралар да халықтық билік пен құқықтық шеңбер ішінде ғана мүмкін. Бұған еліміздің Конституциясы кепілдік береді.
Ал енді «дін саясаты» тіркесіне келсек, бұл саланы мемлекет, жоғарыдағы құқықтық конституциялық ұстанымдар мен заңдық қағидалар негізінде жүзеге асырады. Ата заңымызда дін құбылысына қатысты баптар «діни сенім ар ождан бостандығы» тармақтарымен қорғалады. Бұл зайырлылық ұстанымының басты функциясы.
Сонымен қатар мемлекеттің дін саясатына елдегі діни білім беру, діни бірлестіктерді тіркеу, олардың діндер аралық қатынастарын реттеу, бақылау, қадағалау сияқты іс-шаралар кіреді.
Ал енді «саяси дін» тіркесіне қатысты іс-шараны да мемлекет өз құзіреті шеңберіне алады. Саяси ислам деген анықтама ішіне кіретін фундаментализм, экстремизм, терроризм сияқты идеологиялық мазмұндағы, дінді құрал ретінде қолданып, елді тұтастыққа емес, бүлікке, тұрақсыздыққа, лаңкестікке, фанатизмге жетелейтін саяси, партиялық, идеологиялық шаблондағы, түсініктегі, платформалардағы топтарды айтамыз. Мемлекет зайырлы ұстанымды басшылыққа алатын болғандықтан бұл топқа заңмен тыйым салуы тиіс.
Конституцияға сәйкес діни партия құруға, идеологиялық платформа қалыптастырып, ұлттық негіздегі саяси құрылымдар жұмысына рұқсат бермейді. Енді осы шаблонға сай, саяси сипат алған кез келген діни топтар мен жамағаттар болса, мемлекет заңмен тыйып отыруға тиісті.
Міне осындай зайырлылық қағидаттарын жүзеге асыру мақсатында Ата заңда көрсетілген нормалар негізінде 1992 жылдың 15 қаңтарында «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы заң қабылданды. Заңда көрсетілген талаптар мен көзделген мақсаттар осыдан сол кезеңдегі Қазақстан қоғамының нақты ахуалына негізделген болатын.
Мемлекет діни қызмет саласына араласпайды, алайда діни конфессиялармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуі және азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын қорғауы тиіс.
Тәуелсіздіктен кейін еліміздің рухани-діни келбеті елеулі өзгеріске ұшырады. Діни қызмет белсенділігі күшейіп, діни бірлестіктер саны еселеп артты, теріс жат діни іс-әрекеттер де бой көрсете бастады. Сондықтан заңдық нормаларды заманауи ахуалға сәйкестендіру мақсатында аталмыш Заңға 1994, 1997, 2004, 2005 жылдары бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
2011 жылдың 18 мамырында дін саласындағы дербес уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі құрылды. Агенттік тарапынан мемлекеттің дін саласындағы стратегиялық бағытын айқындаған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы әзірленіп, 2011 жылдың 11 қазанында қабылданды.
Ол мемлекет пен діни бірлестіктер арасында өзара міндеттер мен құқықтарды бекітті. Бұл заң дін саласында жауапкершілік қатынастардың қалыптасуында өз міндетін орындады. Дегенмен, 2011 жылдан бері дін саласында әлемдік деңгейдегі жағымсыз үрдістер күшейе түсті. Біздің елімізде қоғамның жағдайы мен оның діни саладағы сұраныстары өзгерді. Дін ұстанушы адамдардың үлесі артты, діни аудиторияға шетелден ықпал ету едәуір күшейді. Бұған ақпараттық кеңістіктің ашықтығы және жаһандану процестері әсер етуде.
Мемлекет қоғамдық талапты ескере отырып, заңның кіріспесінде «Исламның ханафи мазхабы мен Хритиандық Православия» туралы олардың тарихи, мәдени, рухани тәжірибесін ескере отырып қабылдады.
Қазақстан тұрғындарының басым бөлігі дінді этникалық мәдениеттің және ұлттық салт-дәстүрдің элементі ретінде қарастырады. Дәстүрлі діни институттардың ықпал ету аясы кеңеюде, халықтың діни ықпалға бой алдыруы жиілеуде, діни бірлестіктердің әлеуметтік функциялары күшеюде, діни білімнің рөлі артуда, діни миссионерлердің қызметі жандануда. Сол себептен діни саланы бақылауда ұстаудың маңызы өте жоғары.
Түркістан облысы дін істері
басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Өтеген