ҰҚК-НЫҢ НАЗАРЫНА:
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА “АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ” ДЕГЕН СЫЛТАУМЕН 533 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ҚАРЖЫ ҚАЛАЙ БӨЛІНДІ?
2025 жылы Түркістан облысының Білім басқармасына белгісіз электронды құжат айналым жүйесін енгізу туралы ұсыныс түседі. Бір мекемеге айына – 108 000 теңге.
Арада 10 күн өтпей жатып дәл сондай қызметті басқа компания – Audit-consalt ЖШС ұсынады. Бұл жолы бағасы – 55 000 теңге. Екеуінің де артында бір тұлғаның тұрғаны белгілі болды – Сейданов Дарын.
Бір адам – екі компания – бір қызмет – екі түрлі баға. Бірақ бір мақсат.
Нәтижесінде білім басқармасы бәсекелестік ортасыз, “авторлық құқық” бар деп, 533 млн теңгенің тікелей шартын осы қызметке бекітеді.
Алайда “Мемлекеттік сатып алу туралы” заңның 16- бабы 2- тармағы 2) тармақшасына сәйкес, мұндай жағдайда монополияға қарсы органның ресми қорытындысы болуы шарт.
Бірақ Монополияға қарсы орган не дейді?
“Ережелердің болмауына байланысты Департамент Сіздің өтініш хатыңызды қарауға мүмкіндік жоқ екенін хабарлайды.”
Яғни, ешқандай қорытынды жоқ! Бірақ соған қарамастан бюджеттен жарты миллиард теңге аударылады.
Ең сорақысы – бұл қызметтің өзі не екені беймәлім. ised.kz деп көрсетілген сайт:
-Бір ғана беттен тұрады;
-ЭЦП арқылы кіру мүмкін емес;
-Қолданушыға нақты қызмет ұсынбайды.
Осыған байланысты біз, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі ретінде:
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінен:
- Түркістан облысы Білім басқармасындағы электронды жүйе жобасына бөлінген бюджет қаражатының заңдылығын;
- Бәсекелестік ортаны айналып өтіп, “авторлық құқық” деген желеумен шарт жасалғанының негізділігін;
- Осы қызметті ұсынған кәсіпкерлер мен шешім қабылдаған лауазымды тұлғалардың арасындағы мүдделер қақтығысы немесе ықтимал аффилирлену деректерін;
- Ақпараттық жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін;
ТЕКСЕРУДІ ЖҮРГІЗУДІ СҰРАЙМЫЗ.
Бұл үндеу – ешқандай жала немесе жалған айып емес. Ашық деректер мен құжаттарға негізделген қоғамдық бақылау талабы.
Мемлекет қаржысының қайда, қалай, не үшін жұмсалып жатқаны – халықтың заңды сұрағы.
Осы мәселе бойынша тексеру басталса, біз де БАҚ ретінде нәтижелерін әділ жариялауға дайынбыз