Бұл тұралы бүгін 2025 жылы атқарылған және 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылатын жұмыстары бойынша аудан әкімі Асқар Естібаев Шақпақ ауылдық округінде өткен есебінде баяндады.
Баяндамадан бір жылдық белесте аз жұмыс атқарылмағаны аңғарылады. Десек те, атқарылған және алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстардың ішінде кірме көшелерді жарықттандыру жұмыстары енгізілген.
Аудан әкімі Асқар Естібаев есеп беру барысында алдымен Шақпақ ауылдық округінде өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Атап айтсақ, өткен жылы Шақпақ баба ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын «Шақпақ баба» дәрігерлік амбулаториясы салынып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар ауыл көшелеріне тас төселіп, Айманбетов пен Маметова көшелеріне темірбетон бағаналары орнатылған. Ауыл әкімшілігі ғимаратына да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Аудан басшысы биылғы бірінші жартыжылдықта атқарылатын жұмыстарды да нақтылап, баяндады. Атап айтқанда, Шақпақ ауылдық мәдениет үйіне жөндеу жүргізу жоспарланып, оған қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, Шақпақ баба ауылында жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін инженерлік инфрақұрылым тартуға қатысты ұсыныстар салалық басқармаларға жолданған.
Сондай-ақ округтің Жамбыл облысымен шекаралас аумағында «Шеп бекеті» (блок-пост) салынып, жуық арада ашылмақ. Бұған дейін жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жылжымалы бекеттер жұмыс істеп, соның нәтижесінде жол-көлік оқиғалары едәуір азайған.
Жиын барысында аудан басшысы атқарылған және алдағы жоспарланған жұмыстарды жан-жақты баяндап, кездесу соңында тұрғындардың сұрақтарына заң аясында жауап берді.
Шақпақтықтар тарапынан РЗД-114 ауылының атауын өзгерту, асфальт жабындысы төселмеген көшелерді жөндеу, ескірген электр бағаналарын ауыстыру, жол қауіпсіздігі және күре жол бойына аялдама салу, медицина саласына қатысту өтініш-ұсыныстарын білдіріп, алдағы жұмыс жоспарына түзілді.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі





