Ханарық халқы жаңа Конституция жобасын қолдайды

Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Тасарық ауылдық округінің Ханарық ауылында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Іс-шараға «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдері қатысып, ауыл тұрғындары мен ұстаздар қауымымен мазмұнды пікір алмасты.

Кездесу өзбек тілінде білім беретін жалпы білім беретін орта мектепте ұйымдастырылды. Жиын барысында аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Айдаркүл әже бастаған «Әжелердің өнегесі – ұрпаққа тағылым» атты тәрбиелік басқосуға қатысушыларға да жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары кеңінен түсіндірілді.

Ауыл ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері мен білім саласының қызметкерлері бас қосқан жиында коалицияның аудандық жетекшісі Шырынбек Оңғаров құжаттың мазмұны мен стратегиялық маңызын тарқатып айтып, оның ел дамуы үшін құқықтық тұғыр қалыптастырудағы рөліне тоқталды.

Жиынға қатысқан коалиция мүшелері – депутаттар Дильмурат Омаров, Нұрман Ералиев, Сәкен Мәженов және кәсіпкер, көпбалалы ана Гүлжан Алтынбекқызы Айдарқұлова ауыл тұрғындарын 2026 жылғы 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Жаңа Конституция жобасының басты мақсаты – Әділетті Қазақстан құру, заң үстемдігін нығайту және мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілік тепе-теңдігін күшейту. Құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыру мәселелері басым бағыт ретінде айқындалған.

Кездесуге қатысқан ханарықтық өзбек ағайындар жаңа Конституция елдің ұзақ мерзімді дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырып, тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Олар алдағы референдумды ел болашағы үшін маңызды тарихи кезең деп бағалап, азаматтық белсенділік танытуға дайын екендіктерін жеткізді.

Аудандық коалиция алдағы уақытта да елді мекендерде халықпен кездесулер өткізіп, реформалардың мән-мазмұнын кеңінен түсіндіру жұмыстарын жалғастыра бермек.

Бірлік бар жерде – береке бар.
Әділетті және Прогрессивті Қазақстан – ортақ мақсатымыз.

Лаззат Асанова Ханарық ТөлебиАуданы ЖаңаКонституция Референдум2026 ӘділеттіҚазақстан ХалықтықКонституция АзаматтықБелсенділік ЗаңҮстемдігі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *