Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Мырзакент кентінің тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы тұрғындарды хабардар ету, жергілікті атқарушы органдар қызметінің ашықтығын, жауапкершілігі мен есептілігін арттыру.
Жиын барысында 2026 жылдың алғашқы алты айында Мақтаарал ауданында атқарылған жұмыстар туралы арнайы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды өзгерістер мен саяси реформаларға кеңінен тоқталды.
Аудан басшысы ел көлемінде қолға алынған өзгерістер жергілікті атқарушы органдарға да үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Мемлекеттік саясатты аудан тұрғындарының игілігіне тиімді бағыттау, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жергілікті биліктің негізгі міндеттерінің бірі екеніне назар аударды.
Кездесуде Мырзакент кентін кешенді дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да баяндалды. Аудан орталығында жаңа буынды дамыту орталығының құрылысы жүргізілуде. «Мырзакент» мектеп-гимназиясы күрделі жөндеуден өтті. Елді мекеннің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Т.Мәдиқожаев және Әл-Фараби көшелеріне 6,6 миллион теңгеге жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Сондай-ақ С.Шамов және М.Бектасов көшелерінің бойындағы екі қабатты тұрғын үйлердің алдына 5 миллион теңгеге асфальт төселді. Б.Батыр және М.Бектасов көшелеріне 2,5 миллион теңгеге жарықшамдар орнатылды. Жоба №1 көшесінің бойындағы желілік саябақты жарықтандыруға 11 миллион теңге бағытталды.
Аудан әкімі тұрғындарды толғандыратын әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерге де назар аударып, Мырзакент кентіндегі өзекті мәселелер мен оларды шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
Кездесудің маңызды бөлігі тұрғындармен ашық пікір алмасуға арналды. Халыққа ашық микрофон ұсынылып, тұрғындар аудан әкіміне өздерін толғандырған мәселелер бойынша тікелей сұрақтарын қойды. Бақыт Асанов көтерілген әрбір мәселеге жеке тоқталып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Мұндай кездесулер Мемлекет басшысы айқындаған мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен халықпен тұрақты кері байланыс орнату қағидаттарын жергілікті деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тікелей тыңдау, атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беру және өзекті мәселелердің шешілу жолдарын халықпен бірге талқылау жергілікті атқарушы органдар қызметінің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.