Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Жаңажол ауылдық округінің тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамды одан әрі демократияландыру, елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар қызметінің ашықтығын, жауапкершілігі мен есептілігін арттыру.
Кездесу барысында 2026 жылдың алғашқы алты айында Мақтаарал ауданында атқарылған жұмыстар туралы арнайы бейнеролик көрсетілді. Аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды өзгерістер мен саяси реформаларға тоқталып, олардың жергілікті деңгейдегі маңызы туралы кеңінен баяндады.
Аудан басшысы елдегі өзгерістер жергілікті басқару органдарына да үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Мемлекеттік саясатты тұрғындардың игілігіне тиімді бағыттау, заңдылықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жақсарту басты міндеттердің қатарында екеніне назар аударды.
Жиында Жаңажол ауылдық округінде атқарылған жұмыстар да айтылды. Биыл ауылдық округ әкімі аппаратының ғимараты Ақжол ауылынан Фирдоуси ауылында салынған жаңа ғимаратқа көшірілді. Фирдоуси ауылында әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен көпбалалы отбасыларға арналған 100 тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталды. Қазіргі таңда 52 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Бұл жұмыстар тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында да бірқатар жұмыстар жалғасуда. Ақжол және Арайлы елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ауылдық округтің жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында үш көшеге тас төселіп, екі көше асфальтталды.
Кездесу барысында аудан әкімі тұрғындарды толғандырған әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерге ерекше назар аударды. Округтегі өзекті мәселелер мен оларды шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тұрғындарға ақпарат берілді.
Жиын соңында тұрғындарға ашық микрофон ұсынылды. Жаңажолдықтар аудан әкіміне өздерін толғандырған мәселелер бойынша тікелей сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Бақыт Асанов әрбір тұрғынның сұрағына жауап беріп, мәселесін жеке жеткізгісі келген азаматтарды жеке қабылдады.
Жеке қабылдауға құқық қорғау органдарының басшылары, тиісті сала басшылары және аудандық мәслихат депутаттары да қатысты. Тұрғындар көтерген мәселелер тиісті сала өкілдерімен бірге қаралып, олардың шешілу жолдары түсіндірілді.
Мемлекет басшысының халықпен тұрақты кері байланыс орнату жөніндегі тапсырмалары аясында ұйымдастырылатын мұндай кездесулер жергілікті атқарушы органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға мүмкіндік береді. Халықтың ұсыныс-пікірін тікелей тыңдау, елде жүргізіліп жатқан реформаларды түсіндіру және елді мекендердегі мәселелерді тұрғындармен бірге талқылау мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетігі болып табылады.