ҮШ ДӘУІР – БІР ОТБАСЫ: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДАҒЫ ӨНЕГЕЛІ САХОВТАР ӘУЛЕТІНІҢ ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛЫ МЕН ЖҮРГЕН СОҚПАҒЫ КӨПТЕГЕН ЖАСТАРҒА ҮЛГІ БОЛУДА

Төлеби ауданында өңірдегі өнегелі отбасыларды дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ұстаздық мамандықтың беделін арттыру және қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін көтеру бағытындағы маңызды жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекет тарапынан «Адал азамат» қағидаттарын қоғамда берік орнықтыру, отбасылық құндылықтар мен ұстаздық дәстүрді жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында жүзеге асырылып жатқан игі шаралардың жарқын көрінісі ретінде Леңгір қаласының тұрғыны, білім саласының ардагері Сахов Саятай Өмірбайұлы бастаған әулеттің өнегелі жолы көпшілікке үлгі етіліп отыр. Бұл – бірнеше буынға жалғасып келе жатқан, саналы ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнаған Саховтар әулетінің өнегелі жолын айшықтайтын ерекше тағылымды ұғым болып табылады. Аталған әулеттің өмір жолынан ұстаздыққа деген шексіз адалдықты, ауыр еңбекке деген жауапкершілікті және үзілмес ұрпақтар сабақтастығын анық аңғаруға болады. Леңгір қаласының тұрғыны, білім саласының ардагері Сахов Саятай Өмірбайұлы 1954 жылы Төлеби ауданы, Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Төңкеріс ауылында дүниеге келген. Ол 1962–1970 жылдары Балдыберек ауылындағы мектепте және Леңгір қаласындағы №2 Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте білім алып, кейін 1970–1974 жылдары Шымкент педагогикалық институтында оқып, физика және математика пәндерінің мұғалімі мамандығын үздік дипломмен тәмамдады. Саятай Өмірбайұлы өз еңбек жолын 1974 жылы Қарақалпақстан АССР-інің Бируни ауданындағы Әлішер Науаи атындағы мектепте педагогикалық жолдамамен бастап, кейін 1974–1975 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеп, ел алдындағы азаматтық міндетін абыроймен атқарды. Одан кейін 1976 жылы Леңгір қаласындағы №17 мектеп-интернатқа қызметке орналасып, ұстаздық жолын сәтті жалғастырды. Ал 1979 жылы №2 Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепке ауысып, 1983 жылдан бастап Леңгір қаласындағы қосалқы мектеп-интернатта математика пәнінің мұғалімі болып табанды түрде еңбек етті. Осы білім ордасында 2017 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін табан аудармай қызмет атқарып, талай буын шәкіртке сапалы білім мен саналы тәрбие берді. Ұстаздық жолға бар ғұмырын арнаған Саятай Өмірбайұлы шәкірттерінің терең білім алуына ғана емес, сонымен қатар олардың бойына ізгі адамдық қасиеттерді сіңіріп, өмірден өз жолын табуына бағыт-бағдар бере білді. Қырық төрт жылға жуық уақытқа созылған ұстаздық ғұмыры – тек бір адамның ғана еңбек жолы емес, бірнеше буынның тағдырына оң әсер еткен үлкен тағылымды жол болып табылады. Оның көпжылдық педагогикалық еңбегі мен білім саласына сіңірген өлшеусіз қызметі түрлі мемлекеттік марапаттармен және құрмет белгілерімен атап өтілді. Саховтар әулетінің өнегесі тек бір адамның өмір жолымен шектелмейді, өйткені отбасы мүшелерінің білім саласындағы жалпы еңбек өтілі сексен жылдан асады. Бұл – әулеттің ұстаздық мамандыққа деген шексіз құрметінің, адал еңбектің және ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ізгі дәстүрдің айқын көрінісі. Саятай Өмірбайұлы зайыбы Сахова Бибісара Ақылбекқызымен бірге тату-тәтті өмір сүріп, үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді, бүгінде олар он сегіз немере сүйіп, ұрпағының қызығына бөленіп отырған өнегелі отбасылардың бірі болып отыр. Бұл шаңырақта отбасы – тәрбие мен тағылымның алтын бесігі болса, еңбек – азаматтық парыздың нақты өлшемі. Үлкеннің өнегесін кейінгі буын жалғап, білім мен еңбекті әрқашан өмірлік басты құндылық ретінде дәріптеп келеді. Дәл осы себепті «ҮШ ДӘУІР – БІР ОТБАСЫ» деген мазмұнды атау Саховтар әулетінің бірнеше буын бойы қалыптасқан еңбек дәстүрі мен жоғары адамгершілік құндылықтарының өзара сабақтастығын дөп басып бейнелейді. Бір әулеттің осындай тағылымды жолынан ұстаздық мамандықтың асқақ қадірін, адал еңбектің қасиетін және отбасылық тәрбиенің маңызын айқын көруге болады. Қазіргі таңда Саятай Өмірбайұлы зейнеткерлік демалыста болғанымен, аудан мен қаланың қоғамдық жұмыстарына әрдайым белсене араласып, өзінің мол өмірлік тәжірибесі мен азаматтық ұстанымын туған елінің игілігіне жұмсап келеді. Өмірін өскелең ұрпақ тәрбиесіне арнаған нағыз ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкірттерінің жетістігі мен алғысы болса, ал ең қымбат мұра – кейінгі буынға қалдырған өнегелі жолы болып табылады, ал Саховтар әулетінің бұл өмір жолы – осының ең жарқын дәлелі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *