МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖАРЛЫҒЫ: ЕҢБЕКШІДЕ ХАЛЫҚПЕН АШЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Мақтаарал ауданында тұрғындармен ашық кездесулер жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Бекітілген жоспар аясында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Еңбекші ауылдық округінің тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізіп, елде жүргізіліп жатқан реформалар, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы және жергілікті атқарушы органдардың алдында тұрған міндеттер туралы баяндады.

Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамды одан әрі демократияландыру, Мемлекет басшысының бастамалары мен елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды халыққа түсіндіру, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар қызметінің ашықтығын, жауапкершілігі мен есептілігін арттыру.

Жиын барысында 2026 жылдың алғашқы алты айында Мақтаарал ауданында атқарылған жұмыстар жөнінде арнайы бейнеролик көрсетілді. Аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды өзгерістер мен саяси реформаларға кеңінен тоқталды.

Аудан әкімі ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан өзгерістер жергілікті басқару органдарына да үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Мемлекеттік саясатты аудан тұрғындарының игілігіне тиімді бағыттау, заңдылықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жақсарту негізгі міндеттердің қатарында екені айтылды.

Сонымен бірге кездесуде «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтырудың маңызы сөз болды. Заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне құрметпен қарау мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ жауапкершілігін талап ететіні атап өтілді.

Кездесу барысында Еңбекші ауылдық округінің тұрғындарын толғандыратын әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерге ерекше назар аударылды. Аудан басшысы округтегі өзекті мәселелер мен оларды шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тұрғындарға ақпарат берді.

Жиынның маңызды бөлігі халықпен тікелей пікір алмасуға арналды. Тұрғындарға ашық микрофон ұсынылып, азаматтар аудан әкіміне өздерін толғандырған сауалдарын қойып, елді мекеннің дамуына қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Бақыт Асанов көтерілген әрбір мәселеге жеке тоқталып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Мәселесін жеке жеткізгісі келген азаматтар үшін аудан әкімінің жеке қабылдауы ұйымдастырылды. Қабылдауға құқық қорғау органдарының басшылары, тиісті сала басшылары және аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Тұрғындар көтерген мәселелер жауапты мамандардың қатысуымен қаралып, оларды шешудің жолдары бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Халықпен тікелей кездесулер өткізу жергілікті атқарушы органдардың қызметі туралы тұрғындарды хабардар етумен қатар, елді мекендердегі нақты мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Ашық диалог барысында айтылған ұсыныстар мен өтініштер жергілікті деңгейдегі жұмыстарды жоспарлау кезінде де маңызды рөл атқарады.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес өткізілетін мұндай кездесулер мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге, халықпен тұрақты кері байланыс орнатуға бағытталған. Тұрғындардың мәселелерін тікелей тыңдау және олардың шешілу жолдарын жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен қарастыру жергілікті билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтады.

Еңбекші ауылдық округінде өткен кездесу де Мемлекет басшысының бастамалары мен елдегі реформаларды халыққа түсіндіру, жергілікті атқарушы органдардың қызметі жөнінде ақпарат беру және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау бағытындағы жүйелі жұмыстардың жалғасы болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *