Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиынға қалалық дербес бөлімдердің, құқық қорғау органдарының басшылары мен мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Комиссия отырысында мемлекеттік басқару саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету, заң талаптарын сақтау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері қаралды. Күн тәртібіне жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс және сәулет салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, сондай-ақ оларды төмендету және жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстар енгізілді.
Сонымен қатар Кентау қаласы әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау қорытындылары бойынша баяндама жасалды. Талдау барысында анықталған кемшіліктерді жою, мемлекеттік органдардың қызметіндегі тәуекелдердің алдын алу және қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Отырыс барысында Кентау қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс және сәулет бөлімдерінің басшылары атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ мемлекеттік-құқықтық және терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің басшысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
Жиынға қатысқан қала прокуроры да бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және заң бұзушылықтарға жол бермеу бойынша ұсыныстарын жеткізді. Мемлекеттік органдардың қызметінде заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету, қабылданатын шешімдердің негізділігіне назар аудару қажеттігі айтылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарының орындалуына жүргізілген ішкі талдау барысында анықталған кемшіліктер бойынша тиісті ретке келтіру шараларын қабылдау қажеттігі ескертілді. Жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жою және алдағы уақытта осындай тәуекелдердің қайталануына жол бермеу жөнінде тапсырмалар берілді.
Комиссия мүшелері баяндамашыларға сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Көтерілген мәселелер бойынша жауапты бөлімдерге нақты міндеттер жүктеліп, олардың орындалуын бақылауда ұстау қажеттігі атап өтілді.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясатты тиімді іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Қала әкімі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап қана қоймай, оларды жоюға бағытталған нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар барлық салада ашықтықты қамтамасыз ету, заң талаптарын қатаң сақтау, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру және тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.
Кентау қаласында мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады.