Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында әкім сайлауы өтіп, оның қорытындысы бойынша Қожахмет Жасұлан Сейдахметұлы ауыл әкімі болып сайланды.
Қалалық сайлау комиссиясының шешіміне сәйкес, жаңа басшыны Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов таныстырып, алдағы жауапты қызметіне сәттілік тіледі.
Жиын барысында қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бекзат Садуов Қожахмет Жасұлан Сейдахметұлына әкім куәлігін табыстады.
Жасұлан Қожахмет 1998 жылғы 16 шілдеде Түркістан облысы, Кентау қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін Электроэнергетика мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2017 жылы «Норбота-1» ЖШС-де администратор қызметінен бастаған. 2019-2020 жылдары «KHG Project» ЖШС-де директордың орынбасары қызметін атқарды.
2020-2022 жылдары Кентау қаласы әкімінің аппаратында қызмет еткен. Ал 2022 жылдан бастап осы уақытқа дейін «Кентау қаласының цифрландыру орталығы» КММ директоры қызметін атқарып келді.
Жаңа ауыл әкімінің алдында Хантағы ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына назар аудару, елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру секілді маңызды міндеттер тұр.
Хантағы ауылының жаңа әкіміне жауапты қызметінде сәттілік тілеп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруына тілектестік білдірілді.