Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесу барысында азаматтардың ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелерін тыңдап, тұрғындардың өтініштеріне ерекше назар аударды. Кездесуден кейін әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазба арқылы тұрғындардың бірі өз мәселесін облыс әкіміне жеткізе алмай қалғаны белгілі болды. Осы жағдайдан хабардар болған өңір басшысы азаматты арнайы қабылдап, оның өтінішін жеке тыңдады.
Жеке қабылдауға жауапты сала басшылары мен мамандар да қатысып, тұрғын көтерген мәселенің құқықтық және ұйымдастырушылық қырлары жан-жақты қаралды. Бұл қабылдау азаматтың өтінішін нақтылап, оған қолданыстағы заңнама талаптары негізінде түсініктеме беруге мүмкіндік берді.
Кентау қаласының тұрғыны Тұрәлі Айтжанов қалаға кіреберіс аумақта орналасқан өзіне тиесілі 3 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімінің нысаналы мақсатын коммерциялық бағытқа өзгерту мәселесін көтерді. Азамат бұл мәселе бойынша бұған дейін де Кентау қаласының әкіміне және Түркістан облысының әкіміне бірнеше рет жүгінген.
Қабылдау барысында жер телімінің қазіргі құқықтық мәртебесі мен оның орналасқан аумағы туралы толық ақпарат берілді. Мамандардың түсіндіруінше, аталған жер учаскесі Кентау қаласының қолданыстағы бас жоспарына сәйкес су қорғау аймағында орналасқан. Осыған байланысты қазіргі уақытта жер телімінің нысаналы мақсатын коммерциялық бағытқа өзгертуге қолданыстағы заңнама талаптары мүмкіндік бермейді.
Жер мәселесі қала аумағын жоспарлау, құрылыс жүргізу, инженерлік инфрақұрылымды орналастыру және қоршаған ортаны қорғау талаптарымен тікелей байланысты. Сондықтан жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту кезінде олардың қала құрылысы құжаттарына сәйкестігі, белгіленген шектеулер мен арнайы аймақтардың талаптары ескеріледі.
Бұған дейін азаматқа қолданыстағы заң талаптары түсіндіріліп, баламалы жер учаскесін ұсыну мәселесі де қарастырылған. Алайда тұрғын ұсынылған нұсқадан бас тартқан. Осыған байланысты бүгінгі қабылдауда да мәселенің қазіргі құқықтық жағдайы егжей-тегжейлі түсіндіріліп, оның шешілу мүмкіндігі қала құрылысы құжаттарының өзгеруіне байланысты екені айтылды.
Қазіргі уақытта Кентау қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қала аумағын дамытудың негізгі құжаты жаңартылып, тиісті мемлекеттік органдардың қорытындылары алынғаннан кейін азаматтың өтініші қолданыстағы заң талаптарына сәйкес қайта қаралуы мүмкін. Бұл ретте кез келген шешім белгіленген рәсімдер мен заң нормалары негізінде қабылданады.
Жеке қабылдау барысында Тұрәлі Айтжанов халықпен өткен кездесуде туындаған түсініспеушілік салдарынан өз мәселесін толық жеткізе алмағанын айтып, орын алған жағдайға өкініш білдірді. Тұрғын өзінің өтінішін жеке қабылдап, мәселенің құқықтық тәртібін жан-жақты түсіндіргені үшін облыс әкіміне алғысын жеткізді.
Мұндай қабылдаулар тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі саналады. Азаматтардың нақты мәселелерін тікелей тыңдау арқылы жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар беріліп, өтініштердің заң шеңберінде қаралуына жағдай жасалады.
Кентау қаласында бас жоспарды жаңарту жұмыстарының жүргізілуі қала аумағын одан әрі жоспарлау мен дамыту мәселелері үшін де маңызды. Қала құрылысына қатысты шешімдер тұрғындардың мүддесін, аумақтың функционалдық ерекшеліктерін және қолданыстағы нормативтік талаптарды ескере отырып қабылдануы қажет.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров қабылдау барысында тұрғындардың әрбір өтініші мұқият қаралатынын атап өтті. Сонымен қатар көтерілген мәселелердің шешімі қолданыстағы заңнама шеңберінде жүзеге асырылуы тиіс екенін жеткізді. Бұл ұстаным жер қатынастары, қала құрылысы және Кентау қаласының аумақтық дамуына қатысты мәселелерді қарау кезінде құқықтық тәртіптің сақталуына басымдық берілетінін көрсетеді.