Кентау қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Нұрсұлу Батырбекова мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, бірнеше жыл бұрын үй жағдайында бастаған кәсібін шағын өндіріске айналдырып отыр. Кәсіпкер бүгінде қала тұрғындарына табиғи әрі сапалы ет өнімдерін ұсынып, отандық өнім көлемін арттыруға өз үлесін қосып келеді.
Нұрсұлу Әбдіхалыққызы кәсіп бастауға алдымен отбасындағы балалардың денсаулығына деген жауапкершіліктен келген. Ол күнделікті тұтынатын тағамдардың сапасына мән беріп, құрамында зиянды қоспалары жоқ өнім әзірлеуді мақсат еткен. Осы ізденістің нәтижесінде шұжық дайындау кәсібін қолға алып, уақыт өте келе оны табыс көзіне айналдырған.
Кәсіпкердің айтуынша, алғашқы өнімдер үй жағдайында отбасы үшін дайындалған. Кейін бұл іске деген қызығушылығы артып, өнім дайындау технологиясын жетілдіруге кіріскен. Кәсіби тәжірибесін арттыру мақсатында Алматы қаласынан келген аспазшының шеберлік сағатына қатысып, шұжық дайындаудың жаңа тәсілдерін меңгерген.
«Балаларымның тамақтануына ерекше мән беремін. Сол себепті таза өнімнен жасалған шұжық дайындауды қолға алуды ойладым. Алғашында үй жағдайында өзім үшін жасап жүрдім. Кейін бұл іске қызығушылығым артып, кәсібімді дамыта бастадым. Қазір өз тәжірибеммен бөлісіп, басқа қалалардағы қыз-келіншектерге де үй жағдайында шұжық дайындау әдістерін үйретіп жүрмін», дейді кәсіпкер.
Бүгінде Нұрсұлу Батырбекова «Адал үй шұжығы» атауымен өнім дайындайды. Шұжық түрлерін әзірлеуде сиыр және тауық еті, қойдың майы пайдаланылады. Өнімге қажетті қоспалар мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының талаптарына сәйкес алынған дәмдеуіштер қосылады.
Ет арнайы тапсырыспен алынып, кәсіпкердің өзі заманауи құрылғылардың көмегімен өңдейді. Өндіріс барысында өнімнің сапасына, пайдаланылатын шикізаттың тазалығына және дайын тағамның дәміне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл тұтынушылар сұранысына сай өнім түрлерін қалыптастыруға мүмкіндік берген.
Кәсіпкер қазіргі таңда шұжықтың 12 түрін әзірлей алады. Өнім түрлерінің көбейіп, өндіріс көлемінің артуына мемлекеттік қолдаудың да ықпалы тиген. Нұрсұлу Батырбекова мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, қажетті құрал-жабдықтарын толықтырып, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алған.
Қайтарымсыз гранттың кәсіпті дамытуға тигізген пайдасы өндірістік мүмкіндіктердің кеңеюінен көрінеді. Қажетті құралдардың болуы өнімді дайындау үдерісін жүйелеуге, тапсырыстарды орындау көлемін арттыруға және тұтынушыларға өнімнің бірнеше түрін ұсынуға жағдай жасаған.
Қазіргі таңда «Адал үй шұжығына» деген сұраныс Кентау қаласымен шектелмейді. Кәсіпкердің өнімдері Түркістан, Шымкент, Алматы және Сәтбаев қалаларына да жеткізіледі. Бұл шағын кәсіптің біртіндеп өңірлік нарыққа шығуына жол ашып отыр.
Үй жағдайында басталған кәсіптің тұрақты өндіріске айналуы шағын бизнестің жергілікті экономикадағы орнын да көрсетеді. Кәсіпкер өз еңбегі арқылы отбасылық табысын қалыптастырып қана қоймай, жергілікті жерде өндірілетін өнімнің түрін көбейтуге үлес қосуда.
Нұрсұлу Батырбекованың кәсібінде еңбек пен ізденіс қатар жүреді. Ол өнім сапасын сақтауға көңіл бөліп, жаңа технологиялар мен тәжірибені меңгеру арқылы өндірісін жетілдіруге ұмтылып келеді. Сонымен қатар жинақтаған тәжірибесін басқа қыз-келіншектермен бөлісіп, үй жағдайында шұжық дайындаудың қыр-сырын үйретуде.
Мемлекеттік қолдаудың нақты кәсіптік бастамаларға берілуі азаматтардың өз ісін бастауына және оны әрі қарай дамытуына мүмкіндік береді. Нұрсұлу Батырбекованың кәсібі осы қолдауды тиімді пайдаланып, шағын өндірісті қалыптастырудың бір мысалы болып отыр.
Бүгінде көпбалалы ананың кәсібі отбасылық табыс көзімен қатар сапалы отандық өнім өндіруге бағытталған тұрақты іске айналды. Үй жағдайында басталған шағын бастама бірнеше жыл ішінде Кентаудан тыс қалаларға да өнім жеткізетін кәсіпке ұласып, жергілікті өндірістің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.