Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және елді мекендердің инфрақұрылымын жетілдіру – Түлкібас ауданындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы мәселелер аудан әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте қаралды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері мен тиісті мекемелердің өкілдері қатысты.
Мәжілісте ауыз сумен қамту жағдайы, заңсыз құрылыстардың алдын алу, санитарлық тазалықты сақтау және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша жауапты сала басшыларының есептері тыңдалды.
Ауыз су инфрақұрылымын жетілдіру
Жиында Майлыкент ауылдық округіне қарасты Т. Рысқұлов ауылы тұрғындарының ауыз су тапшылығын шешу мәселесіне назар аударылды. Бұл бағытта «KEGOC» АҚ аумағының жоғары жағынан қосымша ұңғыма қазу, сондай-ақ Түлкібас агробизнес колледжінің теңгеріміндегі ұңғыманы қайта жаңғыртып, жаңа ұңғыма салу қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар Пушкин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлерді тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су кешенінің жоғары бөлігінде екі жаңа ұңғыма қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Суды үнемді пайдалану мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аудан бойынша барлық елді мекендерді су есептегіш құралдарымен толық қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл суды тұтынуды бақылауға және су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған.
Құрылыс пен санитарлық тазалық бақылауда
Аппараттық мәжілісте заңсыз құрылыстардың алдын алу бойынша жүргізілген мониторинг нәтижелері де талқыланды. Жыл басынан бері анықталған 22 нысан бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін материалдар Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасына жолданған. Оның ішінде 7 нысанға әкімшілік айыппұл салынып, 7 нысан бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз жоқ екені анықталған. Тағы 5 нысан қайта қарауға жіберілсе, 3 нысан басқарманың қарауында.
Аудан басшылығы құрылыс нысандары туралы мәліметтердің толық әрі нақты болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару, заңсыз қоқыс орындарының алдын алу және абаттандыру жұмыстарын күшейту мәселелері қаралды. Кент және ауылдық округ әкімдеріне тазалықты тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді.
Балалардың жазғы демалысы да назарда
Жиында балалардың жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру жұмыстары туралы да ақпарат берілді. Аудандағы 11 лагерьдің 8-і балаларды қабылдап жатыр. «Самал» лагерінде аз қамтылған отбасылардың балалары тегін демалуда. Төрт ауысымда 991 оқушы сауықтырылып, алдағы үш ауысымда тағы 700-ге жуық баланы қабылдау жоспарланған.
Бұдан бөлек, ауданның 60 мектебі жанындағы жазғы сауықтыру алаңдарында екі ауысымда 8290 бастауыш сынып оқушысы демалыспен қамтылған.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді. Ауыз су инфрақұрылымын дамыту, заңсыз құрылыстардың алдын алу және елді мекендердің тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі атап өтілді.