Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдердің басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысып, тұрғындардың өтініштерін тыңдап, көтерілген мәселелерді талқылады.
Жеке қабылдауға Қазығұрт, Алтынтөбе, Жаңабазар және Қарақозы Абдәлиев ауылдық округтерінің тұрғындары келді. Олар күнделікті тұрмысқа қатысты әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді көтеріп, өздерін толғандырған сұрақтар бойынша аудан басшысына өтініштерін жеткізді.
Атап айтқанда, тұрғындар ауыз сумен қамту, әлеуметтік көмек алу, тұрғын үй мәселесін шешу, жұмыспен қамту, үй іргесіндегі жер телімдерін алу және электр жарығымен қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар, көшелерге жарықтандыру жүйесін орнату, жол инфрақұрылымын жақсарту және елді мекендердің инженерлік-коммуникациялық жағдайын реттеу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Бұдан бөлек, «Ағабек ата» және «Қ.Мамбет» көшелерінің қиылысындағы көпірді жөндеу, Қызылдала елді мекенінің ішкі көшелеріне асфальт төсеу мәселелері көтерілді. Тұрғындар бұл жұмыстардың жүзеге асуы елді мекендердегі қатынасты жеңілдетіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал ететінін жеткізді.
Аудан әкімі әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсініктемелер берді. Шешімін қажет ететін бірқатар мәселе бойынша жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты ұсыныстар әзірлеу жөнінде тапсырмалар жүктелді.
Қабылдау барысында тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді шешудің маңыздылығына ерекше назар аударылды. Әсіресе, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, электр энергиясына қатысты түйткілдерді шешу және әлеуметтік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстардың өзектілігі атап өтілді.
Мұндай жеке қабылдаулар тұрғындар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы байланысты нығайтуға, халықтың талап-тілегін тікелей тыңдауға және өзекті мәселелерді шешу жолдарын айқындауға мүмкіндік береді. Тұрғындардың ұсыныстарын назарға алу аудан аумағындағы жұмыстарды тиімді жоспарлауға да ықпал етеді.
Қабылдау қорытындысында аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы жауапты сала басшыларына берілген тапсырмалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Сонымен қатар, әрбір өтініштің қаралу барысы мен нәтижесін бақылауда ұстап, тұрғындар көтерген мәселелердің шешілуіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін тапсырды.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі