Қазығұрт ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық жобасы аясында облыстық «Мөлдір бұлақ» акциясы ұйымдастырылды. Табиғатты қорғауға, су көздерінің тазалығын сақтауға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған игі шара Шарбұлақ ауылындағы тарихи бұлақтың маңында өтті.
Экологиялық акцияға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Әбішов, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Сапабекұлы Аширов, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Әзімханұлы Исмаилов, коммуналдық мекеме қызметкерлері, еріктілер, белсенді жастар, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар қатысты. Түрлі сала өкілдері мен ауыл тұрғындары туған өлкенің табиғатын қорғау, тарихи орындарды күтіп ұстау және елді мекеннің көркін арттыру мақсатында ортақ іске жұмылды.
Шара барысында Шарбұлақ ауылындағы бұлақ көздерінің айналасы қоқыстан тазартылып, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар бұлақ маңын ретке келтіріп, гүл көшеттерін отырғызды. Тазалық жұмыстарының нәтижесінде тарихи су көзінің айналасын көркейтуге және табиғи ортаның тазалығын сақтауға ерекше көңіл бөлінді. Жалпы аудан көлемінде өткен экологиялық акцияға 300-ден астам адам белсенді қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты.
Акция барысында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Әбішов сөз сөйлеп, табиғатты қорғау мен туған жердің тазалығын сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, табиғи байлықтарды көздің қарашығындай сақтау, су көздерін ластанудан қорғау және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау келешек ұрпақ алдындағы маңызды жауапкершілік болып саналады.
«Халқымызда “Бұлақ көрсең – көзін аш” деген дана сөз бар. Бұл – ата-бабамыздан қалған аманат. Табиғат – баршаға ортақ байлық, ал әрбір бұлақ – келер ұрпаққа қалдырар асыл мұра. Сондықтан туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне бәріміз бір кісідей атсалысуымыз қажет», – деді Нұралы Әлмаханұлы Әбішов.
Шараның Шарбұлақ ауылындағы тарихи бұлақ маңында ұйымдастырылуының да өзіндік мәні бар. Өйткені бұлақтар – табиғи су қорының маңызды бөлігі ғана емес, халықтың тұрмыс-тіршілігімен, тарихымен және рухани құндылықтарымен тығыз байланысты нысандар. Оларды қорғау, айналасын таза ұстау және келешек ұрпаққа аман жеткізу қоршаған ортаны сақтаудың маңызды бағыттарының бірі.
Шарбұлақ ауылы – тарихы терең, табиғи ерекшелігімен танылған елді мекендердің бірі. Ауыл атауы туралы халық арасында сақталған аңыздарда XIII–XIV ғасырларда өмір сүрген көрнекті әулие Ысмайыл ата есімімен байланысты оқиға баяндалады. Аңыз бойынша, Ысмайыл ата Аллаға жалбарынып тұрып, аса таяғын төрт рет сілтеген кезде, таяқ қадалған жерлерден төрт бұлақтың көзі ашылған екен. Су шыққан осы жер кейін Шарбұлақ аталып кеткен деген әңгіме ел арасында кең тараған.
Ғалымдардың пайымдауынша, «шар» сөзі парсы тілінен аударғанда «төрт» деген мағынаны білдіреді. Осы түсінікке сәйкес, «Шарбұлақ» атауы «Төрт бұлақ» деген ұғыммен байланыстырылады. Аңыз бен жер-су атауының осындай сабақтастығы ауылдың тарихи-мәдени мұрасын айқындай түседі.
Сондықтан тарихи бұлақтың маңын тазарту мен абаттандыру жұмыстарының маңызы зор. Мұндай бастамалар табиғи нысандарды сақтаумен қатар, жергілікті халықтың туған өлкеге деген құрметін арттырып, тарихи мұраға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Әсіресе, жастардың экологиялық шараларға белсенді қатысуы олардың табиғат алдындағы жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны қорғау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы – тазалық жұмыстарымен шектелмейтін, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыратын маңызды бастама. Осындай шаралар арқылы тұрғындардың экологиялық санасын дамытуға, су көздерін қорғауға және елді мекендердің көркеюіне жағдай жасалады. Табиғатты аялау әрбір адамның күнделікті өмір салтына айналғанда ғана қоршаған ортаны келер ұрпаққа таза күйінде жеткізуге мүмкіндік туады.
«Таза Қазақстан» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл игі шара Шарбұлақ ауылының табиғи және тарихи құндылықтарын сақтауға бағытталған бірлескен еңбектің жарқын үлгісі болды. Туған жердің тазалығын сақтау мен табиғи байлықтарды қорғау жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз маңызын жоғалтпайды.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі