ҚАЗЫҒҰРТ: ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҚАЗЫҒҰРТ: ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазығұрт ауданында білім беру ұйымдарындағы психологиялық қолдау қызметінің сапасын арттыру, тәуекел тобындағы кәмелетке толмаған оқушылармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстарды жетілдіру және мамандарға әдістемелік көмек көрсету мақсатында семинар өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың психологиялық жағдайын дер кезінде бағалау, ерекше назар аударуды қажет ететін білім алушыларды ерте кезеңде анықтау және оларға жүйелі психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді ұйымдастыру. Сонымен қатар профилактикалық шаралардың нәтижелілігін арттырып, білім беру ұйымдары мен тиісті мекемелер арасындағы өзара байланысты нығайту мәселелері қарастырылды.

Семинарға Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Беркінбай, «Түркістан облысы Психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Мөлдір Баймұхамбетова және орталықтың жауапты мамандары Арай Әсілбекова мен Айдос Нұржауов қатысты.

Кездесу барысында мамандар тәуекел тобындағы қызыл және сары деңгейге жатқызылған кәмелетке толмаған оқушылармен жұмыс жүргізудің негізгі бағыттарын түсіндірді. Атап айтқанда, білім алушылардың психологиялық жағдайындағы өзгерістерді ерте анықтау, олардың жеке қажеттіліктерін ескеру, жүйелі сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастыру және бақылау парақтарын тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ профилактикалық жұмыстарды жоспарлау кезінде әр оқушының жағдайына жеке қарау, педагогтер мен психологтардың өзара әрекеттесуін үйлестіру және қажет болған жағдайда тиісті мамандардың көмегіне жүгіну маңыздылығы айтылды. Ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту арқылы оқушыларға көрсетілетін қолдаудың үздіксіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету жолдары талқыланды.

Жиынға ауданның мемлекеттік және жекеменшік мектептерінің директорлары, директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар мен педагог-психологтар қатысты. Семинар барысында қатысушылар білім беру ұйымдарында кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар психологиялық қызметті ұйымдастыруда қолданылатын әдістер мен профилактикалық жұмысты жетілдіру жолдары жөнінде пікір алмасты.

Мектептегі психологиялық қолдау қызметі оқушылардың эмоционалдық әл-ауқатын сақтауға, қиын жағдайлардың алдын алуға және олардың қауіпсіз білім алу ортасында дамуына жағдай жасауға бағытталған. Осы ретте тәуекел белгілерін уақытылы анықтау, оқушымен сенімді қарым-қатынас орнату және оның қажеттілігіне сәйкес көмек көрсету білім беру ұйымдарының маңызды міндеттерінің бірі болып саналады.

Мұндай әдістемелік кездесулер педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, профилактикалық жұмыстарды бірізді ұйымдастыруға және мамандардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында психологиялық қолдау көрсету тетіктерін жетілдіріп, оқушылардың мәселелеріне уақытылы назар аударуға ықпал етеді.

Семинар қорытындысында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жұмыстарын жүйелі жүргізу, жауапты мамандардың өзара байланысын нығайту және профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін арттыру қажеттігі атап өтілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *