МАҚТААРАЛДА МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

МАҚТААРАЛДА МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Мақтаарал ауданында білім беру нысандарының жағдайын жақсарту, оқушылар мен педагогтерге қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков Мырзакент кентіндегі №1 «Мырзакент» мектеп-гимназиясында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, мердігер мекеме өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.

Сапар барысында аудан әкімінің орынбасары құрылыс алаңын аралап, жөндеу жұмыстарының орындалу барысын, сапасын және қарқынын тексерді. Сонымен қатар құрылыс барысында назар аударуды қажет ететін бірқатар кемшілік пен өзекті мәселені көрсетіп, оларды тиісті талаптарға сәйкес ретке келтіру қажеттігін жеткізді.

Кездесу кезінде мердігер ұйым өкілдеріне жұмыстарды бекітілген құрылыс кестесіне сәйкес жүргізіп, нысанды белгіленген мерзімде аяқтау міндеті жүктелді. Аудан әкімінің орынбасары құрылыс сапасына қойылатын талаптардың сақталуы және жұмыстардың уақытылы орындалуы маңызды екенін атап өтті.

«Білім беру нысандарының сапалы әрі қауіпсіз болуы – басты талаптардың бірі. Сондықтан жөндеу жұмыстарының әр кезеңі құрылыс талаптары мен стандарттарына толық сәйкес орындалуы тиіс. Жұмыстарды созбалаңға салмай, белгіленген мерзімде аяқтап, мектеп ұжымы мен оқушыларға қолайлы жағдай жасау қажет», – деді Бижан Шералыұлы.

МЕКТЕП ҒИМАРАТЫ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Мырзакент кентіндегі №1 «Мырзакент» мектеп-гимназиясының ғимараты 1985 жылы пайдалануға берілген. Білім беру мекемесінің жобалық қуаттылығы 1176 оқушы орнына есептелген. Ұзақ жылдар бойы пайдаланылып келе жатқан ғимаратты жаңғырту және материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында күрделі жөндеу жұмыстары 2025 жылы басталған.

Нысандағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйым ретінде «Construction Group SAMRUK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталған. Тараптар арасында 2025 жылғы 30 қаңтарда №31 келісімшарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтау мерзімі 2026 жылғы 1 тамыз болып белгіленген.

Жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылуда. 2025 жылы мектеп ғимаратының ішкі бөлігіндегі жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Ал биыл нысанның сыртқы бөлігін жаңарту жұмыстары жалғасып, 2026 жылғы 1 маусымнан бастап негізгі құрылыс жұмыстары қайта қарқын алған.

СЫРТҚЫ ҚАБЫРҒАЛАР МЕН ШАТЫР ЖАҢАРТЫЛУДА

Қазіргі уақытта мектеп ғимаратының сыртқы қабырғаларын металлосайдингпен қаптау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аталған жұмыстардың орындалу деңгейі 35 пайызды құрайды. Сонымен бірге ғимараттың шатырын толық жаңарту мақсатында ағаш қаңқасын, яғни стропильдік жүйесін орнату және бекіту жұмыстары атқарылып жатыр.

Жөндеу жобасы аясында мектеп аумағын абаттандыруға да басымдық берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, аумақты ретке келтіру, инфрақұрылымды жақсарту және білім беру мекемесінің сыртқы келбетін жаңарту көзделген.

Ғимараттың ішкі және сыртқы бөліктерін кешенді жаңарту мектептің жалпы жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының белгіленген талаптарға сай орындалуы нысанның қауіпсіздігі мен ұзақ мерзімді пайдаланылуы үшін маңызды.

ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ МЕН МЕРЗІМІ БАСТЫ НАЗАРДА

Аудан әкімдігі тарапынан мектеп-гимназиясындағы күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы мен орындалу мерзімі тұрақты бақылауда ұсталады. Нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру мақсатында жауапты мекемелер мен мердігер ұйымға нақты міндеттер жүктеліп, жұмыс барысына жүйелі мониторинг жүргізілуде.

Аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков құрылыс жұмыстарының қарқынын сақтап, анықталған кемшіліктерді жоюға және әр кезеңдегі жұмыстардың сапалы орындалуына ерекше назар аударуды талап етті. Мердігер ұйымның жұмысы белгіленген кесте мен құрылыс талаптарына сәйкес бағаланатын болады.

Күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін мектеп ғимараты жаңартылып, оқушылар мен педагогтер үшін қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде оқу процесін ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасауға және білім беру мекемесінің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Мақтаарал ауданында білім беру нысандарын жаңғырту жұмыстарының сапалы орындалуы мен уақытылы аяқталуы алдағы уақытта да жауапты сала мамандарының бақылауында болады.

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *