ШЕКСІЗ МҮМКІНДІК ИЕЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ ЖОҒАРЫ

Бүгін, 3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектер күні. Бұл дата ерекше жандардың ерік-жігері мен батылдығын еске салып, қоғамның әр мүшесіне қолдау көрсету керегін ұғындырады. Өмірдің түрлі қиындықтары мен кедергілеріне мойымай, табандылығы және қайсарлығымен айналасына үлгі болып жүрген жандарға қашанда құрметіміз жоғары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшіп жатырмыз. Осылайша, әр азаматтың бақуатты өмір сүруіне барлық жағдай жасалып, тең мүмкіндіктер берілетін мемлекет құрамыз!» деген болатын.

Айтулы күн қарсаңында Түркістан облысындағы «Самғау» оңалту орталығы мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетуді бастады.

Күні кеше өңірдің әр аймағынан 90-ға жуық адам келіп, қызмет алып үлгерді. Игі бастама 25 күн бойы жалғасып, 7 түрлі арнаулы әлеуметтік және медициналық көмектер ұсынылады. 200 орындық оңалту орталығы заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылды. Денсаулықты жақсартуға әсер ететін әдіс-тәсілдер қолданылады. Ем алушылар спорт залда шынықса, ботаникалық қысқы бақта серуендеуге жағдайлар жасалған. Қазіргі таңда 100-ден астам тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Оңалту орталығы – ізгілік мекеніне айналарына мүмкіндік мол.

Бүгінде Түркістан өңірінде 100 мыңға жуық мүгедектігі бар адам бар. Арнаулы әлеуметтік қызмет алушы санатындағылар саны – 34 мыңнан асады. Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына бағынысты 14 мекеме жұмыс істеуде. Бұдан бөлек 15 аудан, қалада «TEN QOGAM» орталықтары ашылған. Қазіргі таңда Сауран ауданының Ораңғай ауылында 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арнаулы әлеуметтік көмектер көрсету орталығының құрылысы жүргізілуде. Ғимаратты 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Биыл жаңа бизнес-идеяларды қолдау мақсатында 300-ден астам азаматқа грант берілді. Ерекше физикалық қажеттіліктері бар адамдар үшін 50 әлеуметтік такси қызметі көрсетілуде. «Amanat» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2021-2024 жылдар аралығында 1426 нысан бейімдеуден өтті. Өзекті мәселелерді шешу тетіктерін қарастырып келеміз. Жұмыстар жанданып, мемлекеттік бағдарламалар тұрақты жүзеге асырылады.

Сіздерді мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Күш-жігер, ұмтылыс, еңбексүйгіштік, отаншылдық қасиеттеріңізден танбаңыздар! Қоғамымыздың тең мүмкіндіктер мен әділеттілік қағидаларына негізделген болашағын бірге құрайық. Баршаңызға зор денсаулық, баянды бақыт және табыс тілеймін!

Ізгі ниетпен, Түркістан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асия Темірбаева

About The Author

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *