Бірлігі бекем ел озады
«Бұл өмірде өз туған еліңнен асқан ел де, жер де жоқ» Төле би.
Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды», «Әруақтарды ардақтаған ел азбайды» деген қанатты сөз бар. Өмірді тану өзіңді танудан басталады. «Жеті атасын таныған жеті жұрттың қамын жер» деген тәмсіл тегін айтылмаған. Бұл — дұрыс қадам. Төлеби ауданының Көксәйек ауылы мен басқа елді мекендерде өсіп-өнген Жолан атаның Бәйгелі ұрпақтары былтыр қоңыр күзде Қарамұрттағы «Садық ата» мейрамханасында үлкен ас берген болатын. Жиын соңынан «Бәйгелі ата» қоры құрылып, оның төрағасы мен алқа мүшелері сайланып, жұмысқа кіріскен еді. «Жақсы ниет — тәуір істің бастауы» деген. Биыл олар ақылдаса келе Жіңішке ауылындағы Сасықбай ата бауында Бәйгелі атадан тараған жеті ұлына (Мүсіреп, Ақасин, Байырбек, Байысбай, Бағысбай, Дәндібай және Қалыбай) ас беруді ұйғарған екен. Жылдағы дәстүр бойынша наурыз мерекесін де атап өтіп, соңын ынтымақ, мереке жиынына ұластыруды көздепті.
Тепсеңге ақ шаңқан ақ киіз үй тігілген. Онымен жапсарлас күннен қорғайтын ақкенептен бірнеше палатка құрылыпты. Ортадағы әсем безендірілген сахнаның үстіне және төріне үлкен баннерлер ілінген. Аудандағы айтулы шарадан бір мысқал кем емес. Жиын сахналық көрініспен басталды. Ұлттық киім киген жеті ұл аттарынан түсіп, әкесі Бәйгеліге келіп сәлем береді. Разы болған ата ұлдарына бата беріп, шығарып салады. Мұнан кейін ауыл ақсақалдары Нұрсейіт Жолшыбекұлы, Әскербек Тойшыбекұлы, Нысанбек Сандыбайұлы, қор төрағасы Тұрар Оңғарұлы сөз сөйлеп, жиынды ашты. Ауыл өнерпаздары әуелетіп ән салды. Жоланның жеті ұлының өкілдері жұртты ауызбірлікке, ынтымаққа шақыратын мұндай шараларды қолдайтынын айтып, құттықтап сөз сөйледі. Күләш Назарбекқызы мен Алтынбек Жасұзақұлы жырдан шашу шашты.
Ұрпағының жетістігіне қуанбайтын ата-ана кемде-кем шығар! «Отан —қуат, отбасы — шуақ» деген сөз бекерге айтылмаса керек-ті. Бұл жиында білімді, талантты, спорт пен өнерге бейім бір топ мектеп оқушысы «Бәйгелі ата» қорының Алғыс хаттары мен ізгілік сыйлықтарына ие болды. Олардың арасында дзюдо күресінің облыстық чемпионы Әдемі Баялы, жас математиктер олимпиадасының жеңімпазы Балнұр Қалдыбай, республикалық олимпиаданың ІІІ дәрежелі диплом иегері Аяжан Баялы, «Үздік ғылыми жоба авторы» республикалық байқауының жеңімпазы Бату Тұрар, халықаралық хореографиялық би конкурстарының І дәрежелі диплом иегері Дәмина Бақыт, республикалық «Махамбет оқулары» байқауларының жүлдегері,күйшілер фестивалінің жеңімпазы Нұрмұхаммед Иманбеков, тоғызқұмалақтан жеңімпаз Нұрислам Ескендірбек және басқалар болды.
«Шынықсаң, шымыр боласың» демекші, жиналғандар арқан тарту, кір тасын, 25 келілік бір қап шекерді және 5 литрлік өсімдік майын көтеру жарыстарына куә болды. Жеңімпаздардың барлығы жүлдемен марапатталды.
Әруақтарға арнап құдайы тамақ берілді. Осылайша бұл ұрпақтардың ынытымағы мен бірлігін, бір-біріне деген бауырмалдығын нығайтуға, үлкендер сыйлауға және ағайынды құрметтеуге шақырған игілікті шара болды.

